Елімізде келесі жылдан бастап шетелдік вакциналар ақылы болады
Жаһанды дүрліктірген пандемияны қысқа мерзімде тоқтатуға болады. Ол үшін тек үш шартты орындау қажет. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Гебрейесус мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ол үшін ең алдымен, COVID-19 вирусына қарсы вакцинаны өндіріп отырған алпауыт мемлекеттер зияткерлік меншік құқығын жойып, екпе жасау технологиясын өзге мемлекеттермен бөлісуі қажет. Екіншіден, енді екпені Африка мемлекетіне жеткізу қолға алынады. Ал үшінші талап – дамыған 20 мемлекет вакциналарды тарату кезінде бірқатар міндеттерді орындауы керек. Сонда ғана пандемияны ертерек еңсеруге мүмкіндік тумақ.
Ал біздің елімізде вакцинаның бірнеше түрі қолданыста және тегін. Отандық мамандар жаңа екпелер өндіруде. Дегенмен келесі жылдан бастап шетелдік вакциналар ақылы болады. Бұл туралы еліміздің бас дәрігері Алексей Цой хабарлаған еді. Бірақ көпшілікті ақылы екпенің «бағасы» алаңдатып отыр. Бұл сауалға министрдің өзі дөп басып, жауап беруден бас тартты.
«Дәл қазір нақты айту қиын. Себебі, бұл коммерциялық сегмент. Бірақ вакциналар қымбат емес. Мәселен, өзге екпелерді алып, салыстырмалы түрде қарасақ, құны 2 мың теңге мен 5 мың теңге арасында құбылмалы болып отыр. Сондықтан алдағы уақытта екпелердің құны оны шет елден сатып алғандағы бағаға байланысты болады», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Ал әзірге тұрақты болып тұрған эпидахуал алдағы уақытта күрт өзгеруі мүмкін. 3 айға болжам жасаған министр оптимистік сценарий бойынша, қарашада тәулігіне 1500 адам, желтоқсанда 1100 сырқат тіркелуі ықтимал деп отыр. Егер коронавирус өршісе, желтоқсанда науқастар қатары одан да көп болуы ғажап емес. Үкімет басшысы Асқар Мамин Ресейдегі жағдай бізге әсер етуі мүмкін деп алаңдаулы. Оған қоса соңғы уақытта елде екпе алу қарқыны бәсеңдеп кеткен. Әсіресе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстары мен Нұр-Сұлтанда вакциналау жұмыстары Үкімет жоспарына сай жүргізілмей отыр.
«Жалпы, эпидемиологиялық ахуал бақылауда. Дегенмен көрші елдерде жағдайдың қиындағанын көріп отырмыз. Сондықтан өңірлердің, әсіресе, шекаралас өңірлердің әкімдері санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың қатаң сақталуын қамтамасыз етсін, науқастану деңгейіне нақты мониторинг жүргізу және жедел шаралар қабылдап отыру қажет», – деді ҚР премьер-министрі Асқар Мамин.
Жалпы, елде соңғы 2 аптада коронавируспен ауру көрсеткіші 11 пайызға төмендеді. Бірақ қауіпті дертті жұқтырған 612 адамның жағдайы ауыр. Ал соңғы тәулікте өкінішке қарай, тағы 24 адам коронавирустан, 10 науқас пневмониядан қайтыс болды. Осы ретте, дәрігерлер көз жұмғандардың басым көпшілігі – екпе алмағандар екенін айтып отыр.
Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы