Алматылық тұрғындардың Pfizer екпесімен ревакциналануына мүмкіндік бар. Бұл туралы баспасөз отырысында қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова мәлімдеді. Алайда бұл екпе бұған дейін вакциналанбаған үш топқа ғана арналған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ертеңнен бастап Pfizer екпесімен аяғы ауыр және бала емізетін әйелдерді, жеткіншектерді егу басталады. Ал қалада аталған үш топта 23 400 адам бар. Олар толық вакциналанып бітуі қажет және бұл науқанның қашан аяқталатыны белгісіз. Сондықтан америкалық екпемен ревакциналануға ниет білдіргендер емханаға өтінім беруі қажет. Егер шетелдік вакцина артылып жатса, бұл тізімге енген алматылықтардың Pfizer-мен үшінші дозаны алуына рұқсат етілуі мүмкін. Бірақ қайта егу мерзімін Денсаулық сақтау министрлігі мен ведомствоаралық комиссия шешеді. Әзірге елімізге Pfizer-дің қосымша дозаларын алып келу жоспарда жоқ. Сондықтан дәл осы екпемен ревакциналанғысы келетіндер қазірден бастап амалын жасағаны дұрыс дейді мамандар.
«Егер алматылықтар Pfizer-мен ревакциналанғысы келсе, тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген емханасына баруы қажет. Онда мамандардың көмегіне жүгініп, америкалық екпені алғысы келетінін мәлімдесе, оның толық аты-жөнін тізімге енгізеді. Бірақ алдымен Pfizer екпесін алуға тиісті үш топ вакциналанып бітуі керек. Артық доза қалған жағдайда ғана ниет білдірушілерге Pfizer ұсынылуы мүмкін», – деді Алматы қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова.
Елімізде көптен күткен америкалық Pfizer вакцинасының 4 миллионнан аса дозасы бар. Жүк тиелген ұшақ өткен түнде Алматы халықаралық әуежайына келіп қонды. Жеткізілгені сол еді, екпенің дозалары бөлініп, бірден әр қалаға жедел ұшақпен жөнелтілді. Ал Алматыда вакцинаның 46 800 дозасы қалды. Ол да бүгін қала емханаларына таратылды.
Оқи отырыңыз: Pfizer вакцинасының 46 мың дозасы Алматы емханаларына таратылды
Бүгінде Алматының өзінде 30 мың баланың ата-анасы перзенттерін вакциналауға рұқсат беріп отыр. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының өкілі мәлімдеді. Қазір түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, мегаполисте 12-ден 17 жасқа дейінгі 170 мың оқушы бар. Мамандар екпелерді білім мекемелеріне теңдей етіп бөлу мүмкін емес дейді. Сондықтан алдын ала тізім жасалып, ведомствоға ақпарат келеді. Кейін дәрігерлер рұқсаты бар балаларды ғана егеді екен.
«Қазіргі уақытта ата-аналардың 20 пайызға жуығы балаларын вакциналауға келісіп отыр. Негізі Pfizer екпесі қаладағы 20 емханаға ғана жіберіледі. Содан кейін дәрігерлер мектептерден мәліметтерді жинақтайды. Егу жұмыстарын бастамас бұрын, балалар міндетті түрде медицина қызметкерлерінің тексеруінен өтеді. Кейін вакцина алған бала басқа бөлмеге жіберіліп, жарты сағат бойы екінші дәрігердің қатаң бақылауында болады», – деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Светлана Сұлтанғазиева.
Бүгінде Қазақстан коронавирустың таралуы бойынша «жасыл» аймаққа өткен. Соңғы рет бұл сегментте еліміз маусым айында болған еді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой кеше өзінің Facebook парақшасында хабарлады. Қазір эпидахуал тұрақталғанымен, бірқатар өңірлерде індет әлі де бәсеңдемеді. Әсіресе, солтүстікте науқастар саны көп. «Қызыл аймақта» 3 облыс тұр. Ал Алматыда вирустың өршуі байқалмайды. Бірақ бәрі аяқасты өзгеруі мүмкін.
Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы