Өткен тәулікте ғана 6 мың 32 алматылық вакцина салғызған
Алматыда вакцина алғандардың саны 351 мыңнан асып кетті. Ал дәрігерлер созылмалы ауруы бар адамдарды вакцинадан қашпауға шақырады. Өйткені екпенің ағзаға тигізер еш зияны жоқ. Осы орайда Almaty.tv тілшісі созылмалы ауруы бола тұра екпе салғызған алматылықпен тілдесіп қайтқан еді. Сюжетке зер салайық.
Алматы қаласы музейінің жетекшісі Бақберген Тайшиев алпысты алқымдаған. Өзі 3-топ мүгедегі, оған қоса жүрегіне ота жасалған. Осыған қарамастан ол коронавирус екпесін алыпты. Айтуынша, ешқандай кері әсері байқалмаған. Керісінше, вакцина қауіпті індеттен қорғайды дейді ол.
«Шынын айтсам, басында қорықтым. Неге десеңіз, созылмалы ауруы бар адамдарға әсері болады деген ой болды. Кейін ойлап қарасам, қарт кісілер, қант диабетімен ауыратын адамдар да алып жатыр. Содан кейін бір шешімге келдім, мен неге алмасқа? Алдым, маған ешқандай әсері болған жоқ», – деді Алматы музейінің жетекшісі Бақберген Тайшиев.
Қазіргі таңда халық арасында көп кездесетін ауру түрі – аллергия. Осы санаттағы науқастар екпе қандай да бір кері әсерін тигізуі мүмкін деп жүрексінеді. Алайда, дәрігер ауру тарихындағы белгілі бір диагноз болған жағдайда және аллергияның қозу кезеңінде ғана екпе салдырмау керек дейді. Жалпы, коронавирус екпесінің бұл ауруға тигізер кері әсері жоқ.
«Ресми ақпараттарға сүйенсек, вакцинациядан кейін ауыр аллергиялық реакция деген тіркелмеген. Ауру тарихында анафилактикалық шок, Стивен Джобс, синдром Лайелла болса, онда ол вакцинация жасауға мүлде қарама-қарсы көрсетілім бар. Вакцинациядан қорықпау керек. Бұл коронавирусты жеңудің жалғыз жолы», – деді Аллерголог-дәрігер Ұлдана Қапалбекова.
Ал бүгінде екпе алған алматылықтар өздерін жақсы сезінеді. Олар вакцинаның маңыздылығын тағы бір еске салып, халық арасындағы алып-қашпа әңгімелерден бойды аулақ ұстаған жөн дейді.
«Қазақстандықтарды, Алматылықтарды бұндай сөздерге сенбеуге, тек қана ресми ақпаратқа сенуге шақырамын. Өйткені, бүгінгі таңда өзіміздің қалыпты өмірімізге оралудың бірден-бір жолы, бұл – вакцина алу. Мен өзім жеке басым 27 мамыр вакцинаның 1-компонентін алдым. Алматылықтарды бұл вакцинадан еш қорықпауға, осы вакцинаны алуға шақырамын», – деді Алматы қаласы музейлер бірлестігі директорының орынбасары Қайрат Тарбаев.
«Мен өзімді және туған-туыстарды осы инфекциядан қорғану үшін вакцина алдым. Өзімді жақсы сезіндім, ешқандай кері әсер бермеді. Барлық Қазақстандықтарды вакцина алуға шақырамын. Ешқандай қорқыныш болмасын. Бұл бәріміздің азаматтық позициямыз деп түсінемін», – деді Алматы қаласы музейлер бірлестігінің бас құрсақтаушысы Раузия Тұрсынбекова.
Айта кетейік, бүгінде алматыда екпе алғандардың саны 351 мың 497 ге жетті. Өткен тәулікте ғана 6 мың 32 алматылық вакцина салғызған.
Жанар Ғаниқызы, Әрсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы