Жаңа қаулы: Алматыда сұлулық салондары қалай жұмыс істейді

30.06.2021 00:08

Басты талап – әр нысанның аумағына қарай келушілер саны 50 пайыздан аспауы қажет

Алматыда екпе алған қалалықтар 440 мыңға жуықтады. Бұл жалпы тұрғындардың 30 пайызы. Бүгінде мегаполисте 208 вакциналау пункті үзіліссіз жұмыс істеп тұр. Күнделікті жүргізіліп жатқан шаралардағы бар мақсат–тұрғындар арасында ұжымдық иммунитет қалыптастыру дейді мамандар, деп хабарлайды Almaty.tv

Мария Колесникова – қаладағы сұлулық салондарының бірінде тырнақ әрлеуші болып қызмет етеді. Мұндай нысандар ауру жұқтыру қаупі жоғары орындар саналады. Себебі, сырттан келіп-кетушілердің саны көп. Сол себепті, ол алғашқылардың бірі болып ресейлік «Спутник-V» екпесін алған. 15 жылдан бері осы қызметте жүрген білікті маман пандемия кезіндегі жұмыссыз қалған күндер енді қайталанбаса екен дейді.

«Біздің күнделікті жұмысымызға байланысты сырттан келетін бөгде адамдармен қарым-қатынас орнатуымызға тура келеді. Қала тұрғындарына жаппай вакцина салу басталған кезде ойланбастан екпе аламын деп шештім. Барлық қала тұрғындары екпе алып, қалыпты өмірге оралуды жөн деп санаймын», – деді қызметкер Мария Колесникова.

Қолданыстағы соңғы қаулыға сәйкес, қаладағы шаштараздар мен сұлулық салондары келушілерді алдын-ала жазылым бойынша қабылдайды. Олардың жұмыстарына сенбі және жексенбі күні де шектеу жоқ. Басты талап – әр нысанның аумағына қарай келушілер саны 50 пайыздан аспауы қажет.

Алматыда қала тұрғындарына екпе салу күн санап қарқын алмаса бәсеңдеген жоқ. Соңғы бір тәулікте 10 398 адам екпе алған. Бұл қала тұрғындарын вакциналау басталғалы тіркелген ең жоғары көрсеткіш дейді мамандар.

«3 күнге дейін ауыр көтеруге, ыстық моншаға түсуге және спирттік, алькогольдік сусындар ішуге болмайды. Науқас басқа жақта жүрген болса, кез келген қаладан, кез келген жерден вакцинаның екінші компонентін ала алады», – деді Қалалық №21 емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Жаннұр Қарымсақова.

Еске салайық, қала қызыл аймақта болуына байланысты сенбі және жексенбі күндері ірі сауда орындары мен ойын-сауық орталықтары жұмыс істемейді. Дегенмен ондағы вакциналау пункттері кешкі сағат 20:00-ге дейін ашық болады.

Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов «Алматы» телеарнасы