Алматыда эпидемиологиялық ахуал аз да болса, тұрақталды. Мәселен, өткен айда індеттің ілмегіне іліккендер 1 мыңнан асса, соңғы тәулікте 547 адамның тест қорытындысы оң нәтижесі көрсеткен. Бұл туралы бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин хабарлады. Десе де, алматылықтарға еркінсуге болмайтынын, індет әлі де іргемізде екенін естен шығармау керек екенін ескертті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Алмат Әбумансұров – қаладағы көлік сақтандыру компаниясында жұмыс істейді. Мұндай нысандар ауру жұқтыру қаупі жоғары орын болып есептеледі. Себебі, сырттан келіп-кететіндер көп. Сондықтан ол алғашқылардың бірі болып екпе алған. Қызмет көрсету саласының маманы қатаң карантин кезіндегідей жұмыссыз қалғаннан гөрі, вакцина салдырып, қалыпты өмірге оралған жөн деп санайды.
«Вакцинаны қалай алдым, бірден 1414-тен хабарлама келді. Қазір қайда барсам да, қоғамдық орындарда Ashyq қосымшасынан жасыл мәртебе сұрайды. Еркін кіре аласың, одан бөлек, өзгелерге жұқтырамын деп қорықпайсың», – дейді қала тұрғыны Алмат Әбумансұров.
Соңғы ақпаратқа сәйкес, екпе алған қала тұрғындарының саны 940 мыңға жуықтады. Бұл – жалпы алматылықтардың 47 пайызы. Айта кетейік, вакцина алу қарқынына бойынша Алматы көш бастап тұр.
«Біз ең алдымен, диспансерлік есепте тұрған науқастарға хабарласып, екпе алуға шақырамыз. Себебі, мұндай санатқа жататын тұрғындардың COVID-19 вирусын жұқтыру қаупі өте жоғары. Бүгінде емханамызда 30 мыңға жуық адам тіркелген. Оның 10 мыңнан астамы екпе алды. Көпшілігі қауіпті індетпен ауырып шықты. Оларға 3 айдан кейін ғана вакцина алуға рұқсат», – деді №18 қалалық емхананың терапевт дәрігері Әсел Өмірәлиева.
Салауатты өмір салтын ұстанатындар да денсаулық сақтықта екенін айтады. Ауыр атлет Илья Ильин індетке төтеп беру үшін екпе алған. Ұжымдық иммунитет қалыптастыру аса маңызды дейді спортшы.
«Вакцина деген менің көзқарасымда өте дұрыс шешім. Бұл биыл немесе өткен жылы пайда болған нәрсе емес қой. Осыған дейін көптеген жұқпалы дертті вакцина арқылы жеңдік. Мен медицина саласының маманы емеспін, спортшымын. Сондықтан өз басым бұл әдісті қолдаймын», – деді ауыр атлетикадан 4 дүркін әлем чемпионы Илья Ильин.
Алматыда эпидемиялогиялық ахуал өткен аймен саймен салыстырғанда сәл де болса тұрақталған. Инфекциялық стационарларда қазір 5 мыңнан астам төсек-орын бар. Коронавирустан емделіп жатқан науқастар саны – 2219. Жалпы ренаимация және қарқынды терапия бөлімінде 223 адам бар. Оның 140-ы өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы