QazVac вакцинасы клиникалық сынақтардан абыроймен өтті – Қасым-Жомарт Тоқаев

Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден
Қазақстанның Naruvax-C19 және Naruvax-C19/Nano әзірлемелері індетке қарсы үміткер вакцина ретінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының реестріне енгізілді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

COVID-19-ға қарсы тағы екі қазақстандық әзірлеме Naruvax-C19 және Naruvax-C19/Nano Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының тізіліміне енгізілді, деп хабарлайды Almaty.tv

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында айтты.  Коронавируспен күрес халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі болды. 

«Халықтың жаппай иммунитетін арттыру арқылы ғана пандемияны еңсеру мүмкін. Бұл ретте Қазақстан алғашқы сынақтан өткен өзінің QazVac вакцинасын ұсынады. Клиникалық сынақтар оның тиімділігін дәлелдеді. Біз аталған препаратты көрші елдерге гуманитарлық көмек ретінде тасымалдай бастадық. Сонымен қатар Қазақстанның Naruvax-C19 және Naruvax-C19/Nano әзірлемелері COVID-19 індетіне қарсы үміткер вакцина ретінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының реестріне енгізілді», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Алқалы басқосуда Қазақстан Президенті сондай-ақ өңірлік қауіпсіздік мәселесіне тоқталды. Ауғанстанға  халықаралық көмек жеткізу үшін Алматыда Шанхай ынтымақтастық ұйымының гуманитарлық «хабын» ұйымдасыруды ұсынды. 

«Қазақстан болашақ Ауғанстанды өз ішінде және көршілес елдермен, шын мәнінде, бейбіт өмір сүретін тәуелсіз әрі біртұтас мемлекет болады деп санайды. Тағдырдың тәлкегіне түскен осындай тарихи сәтте көпұлтты Ауғанстан халқы шектен тыс қиыншылықтармен бетпе-бет қалмауға тиіс. Қазақстанның инфрақұрылымдары мен логистикалық мүмкіндіктерін ескере отырып, Ауғанстанға  халықаралық көмек жеткізу үшін Алматыда Шанхай ынтымақтастық ұйымының гуманитарлық «хабын» ұйымдасыруды ұсынамыз. Бұл қадам аймақтағы өткір мәселелерді шешу ісіндегі біздің Ұйымның рөлін арттыруға, сондай-ақ, Біріккен Ұлттар Ұйымы мен басқа да халықаралық құрылымдардың қызметіне үйлесімді түрде атсалысуға ықпал ететініне сенімдімін», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Новости партнеров