|
05.05.2021 | 19:24
3868

Алматыда халықты жаппай вакцинациялау білім беру мекемелерінде қарқынды жүріп жатыр

Мұғалімдер мен қызметкерлер белгіленген уақытта ғана келіп «Спутник V» вакцинасын алуда

Алматыда халықты жаппай вакцинациялау білім беру мекемелерінде қарқынды жүріп жатыр Almaty.tv

Алматыда вакцина алған халық саны 230 мыңнан асты. Бүгінде қалада егу жұмыстары емханаларда, сауда орталықтарында, базарларда, сондай-ақ, білім беру мекемелерінде де жүріп жатыр. Ал, тұрғындар 3 түрлі екпенің ішінде өздері қалаған вакцинаны салдыруда. Толығырақ Almaty.tv тілшісі  Аяулым Көлжігіт тарқатады.

Алматыда халықты жаппай вакцинациялау білім беру мекемелерінде де қарқынды жүзеге асуда. Жоғары оқу орындарының қара шаңырағына айналған Қазақ Ұлттық Университетінде егу пункті жатақханалардың бірінде орналасқан және мұнда жұмыс жоспарлы түрде жүріп жатыр. Яғни, мұғалімдер мен қызметкерлер белгіленген уақытта ғана келіп, ресейлік «Спутник V» вакцинасын алуда. Ал, 3 мамырдан  бастап екпенің екінші компонентін егу басталған.  

48 жастағы Сандуғаш Қалиханқызы – Қазақ Ұлттық Университетінде жатақхана меңгерушісі. Мұнда еңбектеніп жүргеніне 3 жыл болыпты. Осыдан 21 күн бұрын ресейлік екпе алған. Бүгін екінші мөлшерін салғызды. Айтуынша, вакцина алу - қоғамдық орында қызмет ететін әрбір азамат үшін маңызды.    

«Басында қорқыныш сезімі болды, әркім әрқалай айтқаннан кейін. Сондықтан өзім бел байлап, алайын деп келгеннен кейін көзім жетті. Студенттермен тікелей жұмыс жасағандықтан жан-жағымдағы адамдарға жұқтырмас үшін сол вакцинаны алайын деп шештім. Ешқандай кері әсері жоқ. Бәрі жақсы», – деді ҚазҰУ жатақхана меңгерушісі Сандуғаш Кабакаева.

Бұл егу пунктіне университет қызметкерлерінен бөлек, екпе алуға ниет білдірген қала халқы мен студенттер де келеді. Алғашқы егу жұмысы 5 сәуірде басталып, 1 айдың ішінде  305 адам тек ресейлік екпемен вакцинацияланыпты.

«Қоғамдық жұмыста, көпшілікпен жұмыс істеуіме байланысты өзімнің қауіпсіздігімді және студент жастардың қауіпсіздігін сақтау үшін өзім вакцина алдым. Баяғыдай өмір сүруге көп пайдасы бар»,– деді ҚазҰУ қауіпсіздік қызметкері Нұрлыбай Нәбиев.

Дәрігерлердің айтуынша, вакцина алған адамдар тарапынан кері әсерге айтарлықтай шағым болмапты.  

«Жоспар бойынша 450 доза жоспарланған. Соның бірінші компоненті қазір жасалып қойды. Ең алғаш біз өзіміз медиктер алдық. Одан кейін универ қызметкерлері алды. Жалпы қосқанда 300 адамға бірінші компоненті салынды»,– деді ҚазҰУ «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығының жалпы тәжірибелік дәрігері Мәрия Қыдырбай.

Жалпы шаһарда 1-інші ақпаннан бері екпе алған халық саны 232 мыңнан асып отыр. Оның ішінде тек «QazVac»-ты 2723 алматылық ектіріпті. Ал, 87 мыңнан аса қала тұрғыны «Спутник-V» вакцинасының екі компонентін де алған.

Аяулым Көлжігіт, Мейрам Исабеков,«Алматы» телеарнасы.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир