COVID-19: Вакцинациялауға қатысты өзекті сұрақтар мен жауаптар

03.04.2021 00:24

Коронавирусты жұқтырып алу қаупінен қалай сақтануға болады?

© РИА Новости / Илья Питалев

Қазіргі таңда Қазақстан коронавирус індетінің таралу қаупі жоғарылаған аймаққа айналды. Карантиндік шектеу шаралары күшейтіліп, кей өңірлерде локдаун енгізілді. Бұл індеттің таралуын азайтудың бірден-бір жолы – вакцинация. Strategy2050.kz тілшісі вакцинациялауға қатысты ең өзекті сұрақтардың жауабын жариялады.

Коронавирусты жұқтырып алу қаупінен қалай сақтануға болады?

Індеттен сақтанудың бірден-бір жолы – вакцина салдыру және сақтық шараларын қатаң сақтау. Адам көп жиналатын жерге барудан сақтану, шыққан жағдайда әлеуметтік ара-қашықтықты сақтап, масканы шешпеуге тырысу керек. Қолды жиі-жуып, антисептикатер пайдалануды әдетке айналдыру керек. Спортпен шұғылданып, құрамы нәрлі ас пайдалану керек.

Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаның қандай түрі егіледі?

2021 жылғы 1 ақпаннан бастап Ресейде шығарылған Гам-КОВИД-Вак «Спутник V» вакцинасы егіле бастады. Алғаш болып алдыңғы шепте коронавируспен күресіп жүрген дәрігерлерге салынды. 15 ақпаннан бастап екпе салу процесіне Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген Гам-КОВИД-Вак вакцинасы екінші компонент болып егілуде. 2021 жылдың 2 тоқсанынан бастап вакцинациялау процесіне отандық өндіріс - QazCovid-In препаратын қосу жоспарланған. Қазіргі уақытта бұл вакцина клиникалық тестілеудің соңғы кезеңінен өтіп жатыр.

Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина салдыру ерікті түрде жүзеге асырыла ма?

Қазақстанда екпе салдыру әр азаматтың қалауымен жүзеге асады. ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 77-бабына сәйкес кез келген медициналық ем-шара, оның ішінде вакцинация егілетін адамның тек ақпараттандырылған келісімімен ғана жүргізіледі. Қазақстанда вакцинациядан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік көзделмеген, кез келген қысым көрсету заңсыз болып табылады.

Вакцинация алу ақылы ма?

Вакцина әлеуметтік осал топтары үшін тегін. Сонымен қатар қызметіне қарай вакцина міндеттелген азаматтар вакцинаны тегін салдырады. Ал негізі қолданыстағы «Спутник V» вакцина дозасының құны 26$.

Вакцина алғаннан кейін кері әсері болуы мүмкін бе?

Вакцина салынғаннан кейін салдыруша емханада 30 минут дәрігердің бақылауында болады. Әрі вакцина салудан бұрын адамның аллергиялық реакциясын тексеріп алады. Осы күнге дейін екпе салдырған азаматтардың ішінде кері әсер алған болмаған. Адам ағзасы кез келген вакцинадан соң иммунитет қалыптастырады. Иммундаудан кейін дене температурасының қысқа мерзімді жоғарылауы, вакцина орнында қызару мен ісіну сияқты жағымсыз көріністердің пайда болатынын атап айту маңызды.

Егер кері әсері бола қалған жағдайда бұған кім жауап береді?

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі вакцина әсеріне шағым түсірген әрбір жағдайды мұқият тексереді. Мұндай жағдайларды тексеру үшін әр облыста, ауданда, елді-мекенде арнайы комиссиялар құрылды. Жалпы вакцинаның өндірілуі, жеткізілуі, ем-шара бөлмелерінде салынуы Денсаулық сақтау министрлігінің қатаң бақылауында.

Балалар мен қарт кісілер коронавирусқа қарсы вакцина салдыра ала ма?

Вакцина 18 жастан асқан азаматтарға салынады. Бұған дейін 65 жастан асқан қарттарға екпе салынуға тыйым салынған. Жақында денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері созылмалы ауруы болмаса, 65 жастан асқан кісілерге салуға болатынын мәлімдеді.

Вакцина кімдер үшін қауіпті?

18 жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдерге болмайды. Ауыр аллергиясы барларға, бүйрек пен бауырдың созылмалы ауруларына шалдыққандарға, қант диабеті барларға, эпилепсияға шалдыққандарға, қатерлі ісікпен ауыратындарға, инсульт алғандарға, жүрек-қан тамыр ауруына шалдыққандарға, иммунтапшылығына шалдыққандарға, астмамен ауыратындарға, өкпесі ауыратындарға екпе салынбайды.

Екпе салу процесі қалай жүргізіледі?

Екпе алушының иығынан жіберіледі. Екі доза мөлшері қажет. Алдымен 0,5 мл бірінші доза салынып, арада 19-23 күн өткенде тағы 0,5 мл салынады. Алдымен медбике дене қызуын, сатураци, қан қысымын, жүректі, ауыз қуысын тексеруі тиіс. Егер адамның ыстығы 37 градустан жоғары болса екпе салынбайды. Екпенің бір флаконында 3 мл доза болады. Бір флакон бес адамға салуға жетеді. Екпенің сырты бүлінсе қолдануға болмайды.

Қазір мутацияланған коронавирусқа вакцина әсер ете ала ма?

Вакцина салдырғаннан кейін 7 күн өткен соң иммунитет пайда болады. Ауру жұқтырғанның өзінде вакцина салдырған адам оны жеңіл өткізеді. МУтацияға ұшыраған коронавирус аса қауіпті, әйтсе де вакцинаның күші алдында әсерін азайтады.

«Спутник V» вакцинасы толық тексеруден өтті ме?

Бұл вакцина клиникалық тексерудің барлық кезеңінен өтті және тиімділігін көрсетті. Ресей Федерациясында мемлекеттік тіркеуден өтті және бірнеше ай бойы халықтың осал топтарын иммундау үшін қолданылып келеді. Ресей Федерациясының Тікелей инвестициялар қорының мәліметтері бойынша бұл вакцинаны сатып алуға 50-ге жуық мемлекет өтініш берген, ал кейбір елдер (Беларуссия, Аргентина, Сербия) қазірдің өзінде оны сәтті қолдануда. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы №850 қаулысымен Қазақстан Республикасында өндірілген COVID-19 коронавирусына қарсы вакциналарды уақытша мемлекеттік тіркеу ережелері бекітілді.

«Спутник V» неге екі рет салынады? Екі компоненттің айырмашылығы неде?

Вакцинаның бірінші компоненті - Ресейде өндірілген, екіншісі – Қарағандыда жасалған. Екеуі бірдей әсер етеді. Ресейде өндірілген «Спутник V» вакцинасы және Қарағанды фармзауытында шығарылған вакцина – бірдей субстанция. Оны растайтын құжаттар бар, оны өндіру бойынша да. Зерттеудің сипаттамалары мен параметрлері бірдей. Әрбір партия Қазақстан ішінде өндірілгеннен кейін РФ-да қауіпсіздікке қосымша тексеруден өтеді. Құтылардан бастап, құрамындағы субстанция, құю желісі де бірдей.

Қазақстанда Қытайдан әкелінген вакцина қолданыста бар ма?

26 наурызда Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо қазақстандық басылымдарға берген сұхбатында "елге үш миллион екпе флаконы жеткізілді" деген еді. Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қытайдың Sinovac екпесінің елге жеткізілгенін жоққа шығарды. Қытайдың Sinovac, Sinopharm және АҚШ-тың "Pfizer" компаниясымен екпе сатып алу бойынша келісім жүргізіп жатқанын хабарлады.

Бұл екпелердің бір-бірінен қандай айырмашылығы бар?

Қазір Pfizer/BioNTech (АҚШ/Германия), Moderna (АҚШ), Oxford/AstraZeneca (Ұлыбритания) және ресейлік "Спутник V" вакцинасы бірнеше елде ресми тіркелген. Төрт екпе де екі дозадан салынуы тиіс. Бұл екпелердің айырмашылығы қандай?

Pfizer/BioNTech екпесінің тиімділігі 95 пайыз деп хабарланды. Екінші дозаны 21 күні салу керек. Вакцинаны -70 градуста сақтау керек. Бұл – екпенің ең үлкен минусы. Pfizer/BioNTech екпесін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған.

Moderna вакцинасының тиімділігі 95 пайыз деп жарияланды. Екінші дозаны 28 күні салу қажет. Екпені -20 градуста 6 апта сақтауға болады.

Oxford/AstraZeneca вакцинасының тиімділігі 62-90 пайыз деп жарияланды. Екінші дозаны 4-12 аптаның ішінде салу қажет. Екпені қолданыстағы тоңазытқышта, 2-8 градус салқында сақтау керек.

"Спутник V" вакцинасының тиімділігі 92 пайыз деп хабарланды. Екінші дозаны 21 күннің соң салу қажет. Екпені тоңазытқышта сақтауға болады.

Вакцинация арқылы халықты «чиптеу» туралы әңгіме қаншалықты рас?

Қазақстан Республикасында бірде-бір вакцинация адамды чиптеумен байланысты емес. Вакцинация жасамас бұрын, әрбір адам вакцина құрамы туралы ақпарат беретін нұсқаулықпен танысуға құқылы.

Қазақстанда вакцина жеткілікті ме?

Қазақстанда вакцина қолжетімді! Өңірлерге КВИ-ге қарсы вакцинаның 150 мың дозасы жеткізілуде. Бұдан басқа, сәуірде түрлі өндірушілерден қосымша 2,5 млн. доза вакцина жеткізу жоспарланып отыр. Вакцинаның бұл көлемі КВИ-ге қарсы вакцинациялауға жататын контингентті және вакцинацияланғысы келетін адамдарға вакцинацияның қолжетімділігін барынша кеңейтуге мүмкіндік береді

Вакцина салдырған соң сақтық шараларын сақтамауға бола ма?

Вакцинациядан кейін де маска киіп, қол гигиенасын, әлеуметтік ара қашықтықты сақтау керек. Сақтық шараларын адамдар жаппай вакцина алып, қоғамда ұжымдық иммунитет қалыптасқанға дейін жалғастыруға тура келеді

Қалыпты өмірге оралу үшін қанша адам екпе салдыру керек?

Қазақстанда адамдардың көбі ауырғанын ескере отырып, қалыпты өмірге шектеусіз оралу үшін кем дегенде 11 миллион азаматты вакцинациялау қажет.