Бүгіннен бастап шаһардың барлық емханалары кеше ғана төртінші траншпен келген «Спутник V» вакцинасын егуді бастады
Алматылықтар өз еркімен белсенді түрде коронавирус вакцинасын алып жатыр. Олар өздерін қалай сезінеді? Екпе алу үшін не істеу керек? Жалпы емханалардағы жағдай қалай? Ал кәсіпкерлер халықты жаппай вакцинациялауға қандай үлес қосып жатыр? Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы біліп қайтты.
Бүгіннен бастап шаһардың барлық емханалары кеше ғана төртінші траншпен келген «Спутник V» вакцинасын егуді бастады. Ал, бұл екпені алу үшін жеке куәлігіңізді алып, қаланың кез келген емханасында тіркеуден өтесіз. Одан соң дәрігер қарауында болып, ешқандай қарсы көрсеткіштер анықталмаған жағдайда екпе егу бөлмесіне жібереді. Вакцина алғаннан кейін жарты сағат арнайы бөлмеде дәрігер бақылауда ұстайды.
«Барлық емханаларда екі екпе егу бөлмесі бар. Олар апта ішінде таңғы 08.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Бірінші бөлмеде төртінші эшалон бойынша вакцинация, ал екінші кабинетте екінші және үшінші эшалонның ревакцинациясы жасалады. Барлығы вакцинацияның бірыңғай базасына тіркелетінін атап өту керек», – деді №36 қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары міндетін атқарушы Венера Тохтахунова.
Ал коронавирус вакцинасын алғандар өздерін жақсы сезінеді. Олар мұның аты жаман індетпен күресудегі ең тиімді тәсіл екеніне сенімді.
«Бүкіл айналамыздағылардың денсаулығы үшін, өзіміздің денсаулығымыз басқаларға әсерін тигізбес үшін, осы аурудың алдын алу үшін салып жатырмыз. Ешқандай әсері болған жоқ, бәрі жақсы», – деді қала тұрғыны Ерболат Шәмеұлы.
«Вацинация міндетті түрде керек. Мен өзімді өте жақсы сезінемін. Екпе егілгеніне жарты сағаттан асып кетті. Енді айналамдағыларға да вакцина алуға кеңес беретін боламын», – деді қала тұрғыны Райхан Еламанова.
Біздің мамандар температура режимін сақтау тұрғысынан көтерме қойманы бақылауға да көмектеседі.
Айта кету керек, күні кеше ғана Алматы қаласына 21 мың 680 доза «СпутникV» вакцинасы келген.
Жанар Ғаниқызы, Мұрат Тайжан, «Алматы» арнасы