Отандық Qaz.Covid-in вакцинасы қалай дайындалып жатыр – тілші көзімен

10.04.2021 01:30

Сәуір айының соңына дейін СК-Фармация қоймаларында отандық вакцина келе бастайды

almaty.tv

Отандық Qaz.Covid-in вакцинасы қайда және қалай дайындалып жатыр? Індетті іргеден алыстату үшін бар білімін жұмсап жатқан ғалымдар кімдер? Елдің есін алған қауіпті ауруға қарсы екпе өндіріліп жатқан елдегі жалғыз зертханаға Almaty.tv тілшісі арнайы барып қайтты.

Отандық Qaz.Covid-in Отар әскери базасында орналасқан биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтында жасалып жатыр. Мұндағы мамандардың сөзінше, сәуір айының соңына дейін 25 мың доза дайындалмақ.

Зертханаға кіру үшін алдымен толықтай жуынып, арнайы форма кию керек. Мұндағы әр қадамды абайлап басу қажет дейді мамандар. Өйткені дәл осы жерде ондаған вирустың штамы сақталған. Егер біреуі ауаға тарайтын болса, адамды әп-сәтте өлтіруі мүмкін, коронавирустың жасушасы осы зертханада тұр.  

«Осының ішінде веро жасушалар өсіп жатыр.  Қазір бастапқы кезеңде. Бір-екі күн болды. Олар өскеннен кейін вирус өсіру үшін басқа зертханаға апарамыз»,  – деді жасушалық биотехнология зертханасының меңгерушісі Азиз Наханов.

Сөредегі ыдыстарда вирус өсіп, өнеді. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Қажетті температурада тұратын бөлме, арнайы бөтелкелер мен заманауи аппараттар қарастырылыпты. Мамандар коронавирустың штаммын технологияның көмегімен бөліп алған екен.

«Адамдардың аузынан, мұрнынан, жағынды алып, оны арнайы тексереді. Тексеріс кезінде ПЦР-мен дәлелдедік вирус бар ма, жоқ па соны анықтаймыз. Оны тексеу үшін арнайы жасушаларда жұқтырып, содан бөліп алған болатынбыз»,  – деді микроағзалар коллекциясы зертханасының меңгерушісі Қуандық Жүгінісов.

Ал мына жерде Qaz.Covid-in вакцинасы жануарларға салынады. Зерттеу институтының қызметкерлері екпені салып болған соң, тышқанның салмағын өлшейді. Содан кейін жалпы жағдайын арнайы қағазға жазып бірнеше күн бақылайды екен. Мамандардың сөзінше, егілген отандық препарат өзінің тиімділігін жүз пайыз көрсеткен.  

«Тышқанға вакцина салғаннан кейін алғашында салмағы азайды. Бірақ біртіңдеп қайта қалпына келді. Екінші дозасын 21 күннен кейін ектік. Денсаулығында еш ақау болмады. Тышқанның иммунитетін бақылап отырамыз. Өзгеріс жоқ, бірқалыпты», – деді  технология және биопрепараттар қауіпсіздігін бақылау зертханасының меңгерушісі Айнұр Нұрпейісова.

Осындағы ғалымдардың сөзінше, Qaz.Covid-in вакцинасы шетелдік екпелерге қарағанда өзгеше. Бұл бөлінбеген толық вирус. Тек бірнеше рет өлтіріліп, көбеймейтіндей дәрежеге жеткенде ғана адамға салынады. Ал басқа вакциналар бірнеше вирустан құрылған. Яғни, коронавирустың бір бөлігі, келесі бір вирусқа қосылып жасалады. Сондықтан мамандар Qaz.Covid-in-нің тиімділігі жоғары дейді. Бұл препаратты ғалымдар бірінші өздеріне салған екен.

«Вакцинаны өзіме қалғаныма жеті айдан асты. Ешқандай зиян қасиетін байқаған жоқпын. Алғашында салынған жері күні бойы қолымды ауыртты. Кейін ауырудың барлығы кетіп қалды. Негізінде вакциналардың ішіндегі ең қауіпсізі осы өлтірілген вакцина екенін айтқым келеді»,  – деді аса қауіпті індеттік аурулар зертханасының меңгерушісі Лесбек Күтімбеков.

Қауіпсіз, тиімді вакцинаның ауқымды түрде неге шығарылмай жатқан себебі қазақстанда вакцина шығаратын бір ғана мекеме бар. Ал Ресей федерациясында алтау. Оның үстіне мамандар саны да аз екен. Бірақ соған қарамастан отандық ғалымдар тиімділігі жоғары вакцинаны дайындап жатыр.

«Біздің Qaz.Covid-in – инактивтелген вакцина. Яғни, өлтірілген толық вереонды вакцина. Ал «Спутник V»  –  векторлық вакцина. Платформалары әртүрлі. Оларды технология, механизм жағынан салыстыруға болмайды», – деді Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закария.

Отандық вакцинаны жасап жатқан мамандардың өздеріне де жайлы жағдай қарастырылған екен. Зерттеу институтының жанында бес қабатты үш тұрғын үй салынып жатыр. Қызметкерлерге арналған баспана осы жазда қолданысқа беріледі

«Алпыс пәтердің ішінде 30 пәтері үш бөлмелі, 15 пәтері екі бөлмелі және 15 пәтері бір бөлмелі. Түгел қызметкерлерді қамтамасыз ететін болады. Қосымша тапсырма бойынша осы үйлерді түгел жиһазбен, тұрмыстық техникамен қамтамасыз етілетін болады», – деді  облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек.

Еске салайық, осы институтта шығарылған Qaz.Covid-in вакцинасы үш мың еріктіге салынған еді. Бүгінде ол адамдардың денсаулығында еш кінәрат жоқ екен.

Сәуір айының соңына дейін СК-Фармация қоймаларында отандық вакцина келе бастайды. Жалпы 2 миллион доза екпе өндіру көзделген.

Өмір Әнуарбек Рашид Шүкірәлиев «Алматы» телеарнасы