Рестораторлар алматылықтарды жаппай иммундау науқанына белсене қатысуға шақырды

10.08.2021 01:21

Алматыда індет жұқтырғандардың 17,7 пайызын қызмет көрсету саласындағы қызметкерлер құрап отыр

Almaty.tv

Алматыда індет жұқтырғандардың 17,7 пайызын қызмет көрсету саласындағы қызметкерлер құрап отыр. Бұл туралы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv. Осы ретте қаладағы дәмханалар мен тамақтану орындарына санитарлық талап күшейтілді. Рестораторлар қызметкерлерді жаппай иммундау жұмыстарына белсенді қатысуға шақырды.

«Қазір қаладағы қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін қызметкерлердің 80 пайызы екпе алып үлгерді. Қалада төтенше жағдай орнаған кезде қанша қызметкеріміз жұмыссыз қалып еді. Ал, қазір ұжымдық иммунитет қалыптастыру арқылы мейрамханаларымыз ашық, жұмыс істеп тұр», – деді «Қазақстан рестораторлары клубы» қауымдастығының президенті Гүлнар Қатыбаева.

«Мен өз басым бұл індетті жұқтырмадым. Соған қарамастан отбасыммен бірге ковидқа қарсы вакцина алдым. Бұл саланың маманы болмасам да, екпе алған адам індетті жұқтырса да, жеңіл өткізеді деп айта аламын. Бұл сөзіме қасымда жүрген достарым мысал бола алады. Екпеден кейін олар тұмау секілді жеңіл өткерді», – деді кәсіпкер  Ларион Лян.

«Бұрын ковидқа сенбейтіндер бар еді, оны адамдардың бәрі бастарынан өткерді. Қазір сенеді. Енді екпеге сенбейтіндер шықты. Ел арасына іріткі салып, түрлі пікір таратып жүрген антиваксерлер екпе алуға болмайды дейді. Оның орнына басқа жолын ұсынбайды. Тек болмайды деуді ғана біледі. Бұл бос әңгіме. Сондықтан қазір ұжым болып иммундау жұмыстарына қатысуымыз маңызды», – деді ҚР Интернет ассоциациясының президенті Шавкат Сабиров.

Айта кетейік, мегаполисте вакцина алған алматылықтар саны 800 мыңға жуықтады. Қала бойынша қазір сауда орындары мен базарларда 160 вакцина пункті жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, 234 вакциналау бригадасы ұйымдастырылған.