Алмаз Шарман: Көздегеніміз ‒ коронавирусты тұмау эпидемиясы секілді үйреншікті ауруға айналдыру

Almaty.tv
Almaty.tv
Еліміз бойынша 3 миллион 400 мыңнан астам қазақстандық COVID-19 вакцинасын алған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Вакцина салдырмағандардың екпе алғандарға қарағанда коронавирустың ауыр түрін жұқтыру қаупі жүз есе жоғары. Бұл туралы белгілі отандық иммунолог Алмаз Шарман мәлімдеді. Оның айтуынша карантиндік шаралар пандемияның өршуіне жол бермей, тек індеттің жұғуын тежеп тұра алады. Ал, коронавирусты жеңіп, қалыпты өмірге оралу үшін әлем жұрты жаппай вакцина алуы керек, деп хабарлады almaty.tv тілшісі.

COVID-19 вакцинасы ойлап табылғалы әлем ғалымдары ұжымдық иммунитетті қалыптастыру керек екенін айтып келеді. Мәселен, гепатит, сіреспе, көкжөтел, сал және қызылша сияқты жұқпалы аурулардан қорғайтын вакциналар жыл сайын миллиондаған адамның өмірін дерттен сақтайды. Осы ретте белгілі профессор Алмаз Шарман қазақстандықтарды екпе салдыруға шақырады. Жүкті әйелдер, 18 жасқа толмағандар мен ауыр науқастарға вакцинаның қарсы көрсетілімі бар. Олар індет жұқтырып алмау үшін өзгелердің екпе алуына тәуелді, дейді иммунолог.  

«Біздің қазір көздегеніміз коронавирусты тұмау эпидемиясы секілді үйреншікті ауруға айналдыру. Әрине, көпшілік бұл індеттің тұмаудан айырмашылығы қандай деп сұрайды. Алайда коронавирустан қайтыс болғандардың саны тұмаумен ауырғандардан 10 есе көп. Сондай-ақ, COVID-19 адамдардың 50 пайызында симптомсыз өтетіндіктен, олар өзінің індет таратушы екенін білмеуі де мүмкін. Сондықтан екпе алуымыз қажет», ‒ деді Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман.

Коронавирусқа қарсы иммунитет қалыптастыруға ниетті алматылық ‒  қаладағы 208 егу пунктінің кез-келгеніне барып вакцина салдыра алады. Ол үшін тек жеке куәлік қажет. Вакциналау бекеттері таңғы сағат 8-ден кешкі 8-ге дейін жұмыс істейді.

«2 сәуірден бастап вакцинациялау жүргізіліп жатыр. Бірінші компоненттен 2 түрі бар. Ол «QazVac» пен «Спутник-V». Екінші компоненттен 4 түрі бар: «QazVac», «Спутник-V», «Hayat», «SinoVac». Келіп жатқандардан ешқандай шағым болған жоқ», ‒ деді Алмалы ауданы Бастапқы Медико-санитарлық көмек көрсету орталығы бас дәрігерінің орынбасары Жазира Момынқұлова.

Алмалы ауданының тұрғыны Гүлзада Серік әу баста індеттің тез тарайтындығына сенбеген. Алайда өткен жылы қауіпті індет өршіп тұрған тұста жақындары коронавирус инфекциясын жұқтырған. Осындай ауыр кезеңді қайта бастан кешірмеу үшін отбасымен екпе алыпты. Ол вакцинаны әрбір адам салдыруы керек дейді.

«Осы пандемия басталғалы жақындарым, таныстарым, көп адамдар ауырғандықтан, солардың денсаулығын ойлап, өзімнің денсаулығымды ойлағандықтан, екпе алдым. Бүгін, міне, Спутник-V-дің  екінші компонентін алып жатырмын», ‒ деді қала тұрғыны Гүлзада Серік.

Еліміз бойынша 3 миллион 400 мыңнан астам қазақстандық COVID-19 вакцинасын алған. Олардың арасында Алматы қаласы көш бастап тұр. Мұнда 461 мың 500-ден аса тұрғын екпе салдырыпты.

Сымбат Ноғай, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров