|
08.09.2021 | 20:33
629

Динагүл Баешева: Пандемиядан құтылып, бейбіт өмірге қайта оралудың жалғыз жолы – екпе алу

Жетекші маман тек вакцина салдыру арқылы коронавирустың алдын алуға болатынын айтып, көпшілікті екпеге қатысты қауесеттерге сенбеуге шақырды

Пандемиядан құтылып, бейбіт өмірге қайта оралудың жалғыз жолы екпе алу. Еліміздің бас инфекционисі Динагүл Баешева дәл осылай дейді. Бүгінде «батпандап кіріп, мысқылдап шыққан» коронавирустың симптомдары былтырға қарағанда қауіптірек екенін де алға тартады, деп хабарлайды Almaty.tv

Тіпті, қазір балалар арасында да жұғу жағдайы 5 есе жиілеп кетіпті. Ал, ресми мәлімет ел бойынша 55 мыңнан аса баланың COVID-19-бен ауырғанын көрсетіп отыр. Осы ретте жетекші маман тек вакцина салдыру арқылы коронавирустың алдын алуға болатынын айтып, көпшілікті екпеге қатысты қауесеттерге сенбеуге шақырды.

«Қазіргі күні өте сақ болу керек. Ауру былтырғыдай жәй жөтелменен жеңіл дәрежеде өтпейді. Коронавирустың 80 пайызы дене қызуымен, интоксикация, сондай синдроммен ауыр жағдайда түсіп жатқандар бар. Қазір әрбір отбасы өз жанұясын қолға алуы керек. Ата-анасы, әжесі дұрыс шешімге келуі керек. Шошынып, қорқып, өтірік сөзге еру дұрыс емес», – деді ҚР жетекші инфекционист дәрігері Динагүл Баешева.

Көпшілікке екпе алу қажеттігін қаламыздың түрлі сала қызметкерлері де айтуда. Вакцинаның екі компонентін алған Алматы бас жоспары өзгерістерінің авторы Алтай Сатыбалдиев ауырып, ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген жөн деп санайды. Бүгінде қала халқының тек 45 пайызы ғана екпе салдырған. Ал, қоғамдық иммунитет қалыптастыру үшін кем дегенде 70 пайызы екпе алуы қажет. Осы тұста, тек иммундау арқылы өзімізді және жақындарымызды індеттен қорғай алмақпыз дейді сәулетші. 

«Көпті есеңгіреткен бұл қауіпті вирусты жеңудің бір ғана жолы бар деп сенемін. Ол вакцина. Алайда, екпені салып, аурудың алдын алуға болатынына сенбейтін азаматтар да бар. Меніңше, ол кісілер ойларын өзгертуі қажет. Себебі, тек вакцина иммунитет қалыптастырып, әрбір адамның және жалпы қоғамның баяғы бейбіт өмірге қайта оралуына септеседі», – деді Алматы бас жоспары өзгерістерінің авторы Алтай Сатыбалдиев.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир