Адам өлімі азайды: Үндістан дәрігері «дельта» штамын жеңудің басты себебін атады

Фото: Fariha Farooqui / Getty Images
Фото: Fariha Farooqui / Getty Images
Елде ковидтік стацинарлар мен ауруханалар біртіндеп жабылып жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, «дельта» штамы кең тарап кеткен. Әлемнің 192 елінде түгелдей тіркеліпті. Алайда, дәл осы вирус түрінен өлім саны ең көп тіркелген Үндістанда қазір эпидахуал тұрақталып келеді. Онда соңғы тәулікте 19 мыңға жуық жағдай анықталған. Ал осыдан екі ай бұрын тәуліктік көрсеткіш 30 мыңнан асқан болатын, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Яғни, «дельта» штамы Үндістанда жұғу жағдайы 2 есеге төмендеген. Дегенмен, жақында ғана қара зең саңырауқұлағы бірталай адамның өмірін қиып, мәйіттер өзенге ағызылған бұл ел мұндай көрсеткішке қалай қол жеткізген? Үндістандық дәрігер індетті жеңе алудың басты себебі – екпе екенін айтады.    

«Бізде ковидтік стацинарлар мен ауруханалар біртіндеп жабылып жатыр. Соңғы айда бізде қалада бірде-бір жұғу дерегі тіркелмеді. Науқастар қатары азаюда. Мәселен, Делиде 20 миллион халық болса, арасында 3-4 адамнан ғана коронавирус анықталған. Пандемия басталғалы мұндай көрсеткіш болған емес. Бұл деген жетістік қой. Себебі, Үндістанда 700 миллион адам екпе салдырды», – деді Ресей, Балқан, ТМД халықаралық қатынастар жөніндегі жетекші, медицина ғылымдарының докторы Вани Акбер. 

Осылайша, Үндістан бейбіт өмірге оралуда. Иә, «сақтықта қорлық жоқ». Біздің елде де халық екпені белсенді ала бастады. Мәселен, вакцинаның екі компонентімен 900 мыңнан аса алматылық егіліп, көш бастап келеді. Сондай-ақ, елімізде аяғы ауыр әйелдер мен балаларды да вакциналау күн  тәртібінде тұр. Осы мақсатта «Пфайзер» екпесін әкелу жоспарланып отыр. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой бұл күннің алыс емес екенін айтады.  

«Біз соңғы келісімшартқа қол қойдық. Алдағы уақытта, елге «Пфайзердің» 4 миллион дозасы келеді. Екпелер шамамен осы жылдың төртінші тоқсанында жеткізіледі деп күтудеміз. Сәйкесінше, вакцинаны сақтау бойынша салқын тізбек режимі сақталады. Ол үшін еліміздің барлық өңірінде -80 градусты ұстап тұратын қосымша жаңа тоңазытқыш жабдықтары алынды. Алайда, вакциналау пункттері жасақталған жоқ. Себебі, егу жұмыстары қазір жүріп жатқан вакциналау секілді баламалы түрде өтеді», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.    

Сондай-ақ, министр елде ревакцинация қараша, желтоқсан айларында басталуы мүмкін екенін де хабарлады. Қазір елде эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келеді. Коронавируспен сырқаттанушылық 2,4 есеге төмендеді. Алайда, соңғы тәулікте қауіпті індеттен 46 отандасымыз қайтыс болды. 1800-ден аса қазақстандықтан, соның ішінде 9 мыңнан аса оқушыдан коронавирус анықталған. 748 науқастың жағдайы ауыр.

Ал еліміздің екі ірі мегаполисінде жұқтыру деңгейі әлі жоғары. «Жасыл» аймақта 3 облыс тұр.       

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров