Вакцина ‒ КВИ-дің кез келген штаммына дауа: Өткен тәулікте 10 мыңнан астам алматылық екпе алған

 Almaty.tv
Almaty.tv
Өткен тәулікте Алматыда 10 мың 899 алматылық вакцина салғызған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда вакцина алғандардың саны 472 мың 400-ден асты. Өткен тәулікте ғана 10 мың 800-ден астам алматылық екпе салдырған. Ал, иммунолог мамандар әлемді әбігерге салған «Дельта» штаммы қалыпты иммундық жүйесі бар,  20-30 жастағы адамдар арасында көп анықталып жатқанын айтады. Демек, жастық та, мықты денсаулық та індеттен қорғамайды. Мамандардың айтуынша, вакцина  коронавирустың кез келген штаммына дауа. Тақырыпты Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы жалғастырады. 

19 жастағы Александра Мартынчик ‒ ерікті. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Алайда шаһардағы эпидахуалдың тұрақсыздығы жұмысымызға кедергі келтіріп отыр дейді. Тезірек қалыпты өмірге оралу үшін вакцина алу керек деген ақпаратты күнделікті естіп жүргенімен, бүгін қаладағы ойын-сауық орталықтарындағы екпе егу пунктіне барып, вакцина салғызды.

«Алдымен өзімнің және жақындарымның денсаулығы үшін бүгін екпе алуға келдім. Басында көптеген әңгіме болды, содан қорқып жүрдім. Қазір ахуал тіпті нашарлап кетті. Вакцина коронавирустан құтылудың жалғыз жолы екеніне көзім жетті. Қорқатын ештеңе жоқ екен», ‒ деді ерікті Александра Мартынчик.

Ал,  бұл екпе егу пунктінде дәрігерлер күніне 400 адам қабылдайды. Мұнда түске дейін үш, түстен кейін үш дәрігер жұмыс істейді. Айтуынша, вакцина қоры жеткілікті. Сондай-ақ, жаздың соңына дейін екпенің бірінші компонентін алғандар арасында ұтыс ойыны өткізіліп жатыр. Басты сый темір тұлпар.

«Соңғы жетіде адам көп келе бастады. Күнделікті уақытқа қарамаймыз. Таңғы 10:00-ден кешкі 20:00-ге дейін демалыссыз жұмыс істейміз. Кері әсер болған жоқ. Вакцинадан кейін күту залында жарты сағат отырады. Ешқандай кері әсер байқамадық», ‒ деді №5 қалалық емхананың бөлім меңгерушісі Гүлзат Байзақова.

Иммунологтардың айтуынша, вакцина коронавирустың С ақуызына әсер етеді. Ал, «Дельта» штаммында тек кейбір нуклеотидтік үзінділер ғана мутацияға ұшыраған. Сондықтан бұл ‒ былтырғы жылғы вирустан өзгеше екен деп, вакцинаға күмәнмен қарауға болмайды деген пікірде.  

«Алдын-ала вакцина егу арқылы иммунитетті қалыптастырып қоятын болсақ, иммундық жүйеміз оған дайын тұрады. Мысалы, келесі жолы жұқтырған кезде ауруға төтеп беруі жеңілірек болады. Сол үшін бүгінгі таңда екпе егуіміз керек, ұжымдық иммунитет қалыптастыруымыз керек деп жатқанымыз», ‒ деді жоғары санаттағы иммунолог-дәрігер Айнагүл Жұбантұрлиева.

Вакцина коронавирус инфекциясынан құтылудың жалғыз жолы. Сондықтан әрбір азамат жауапкершілікті сезініп, екпе алғаны жөн дейді мамандар. Айта кету керек, өткен тәулікте Алматыда 10 мың 899 алматылық вакцина салғызған.

Жанар Ғаниқызы, Медет Саматұлы «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров