Елорда күні қарсаңында Медеу ауданында жекеменшік балабақша қолданысқа берілді

Елорда күні қарсаңында Медеу ауданында жекеменшік балабақша қолданысқа берілді
Медеу ауданында 18 мемлекеттік, 86 жекеменшік балабақша бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда мектепке дейінгі ұйымдардағы орын тапшылығын қысқарту мақсатында Медеу ауданында тағы бір балабақша қолданысқа берілді. 45 балаға арналған «Дана бала» бөбекжайына бүгіннің өзінде 10 шақты бүлдіршін келіпті. Мектепке дейінгі ұйымның салтанатты ашылуы ‒ елорда  Нұр-Сұлтан қаласының туған күні мерекесіне орай және Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналып ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ақжарқын Есентайқызы 2 баласын да осы балабақшаға беріпті. Біріншіден, бөбекжай үйіне жақын орналасса, екіншіден, мұндағы тәрбиешілердің мейірімді, қамқор екенін айтады.

«Бұл жерде ауа өте таза. Барлық жағдайлар жасалған. Өте керемет тәрбиешілер, атмосферасы жақсы. Арнайы үйірмелер болады», ‒ деді Медеу ауданының тұрғыны Ақжарқын Игібаева.

Бүгінгі таңда Медеу ауданында 18 мемлекеттік, 86 жекеменшік балабақша бар. Соған қарамастан ауданда 2 мыңға жуық мектепке дейінгі мекемелерге деген орын жетіспеушілігі байқалады. Осы мәселені шешу үшін жеке инвесторлармен бірлесе отырып, жекеменшік бөбекжайлардың санын арттыру көзделген. 

«Осы бүгін өздеріңіз көріп отырған балабақша жеке инвестор мен келіссөздің нәтижесінде ашылып отырған 45 орындық жекеменшік балабақша. Яғни, мемлекет тарапынан «Балапан» бағдарламасы бойынша біз қолдау көрсетеміз. Жекеменшік инвесторлар өз қаражатын салып, осындай әлеуметтік нысан ашады. Соның негізінде біз орын жетіспеушілігін азайту бағатында жұмыс жасап келе жатырмыз», ‒ деді Медеу ауданы әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Сәкен Аралбаев.

Жаңадан ашылған балабақшаға балғын бөбектер енді жиналып жатыр. Заманауи талаптарға сай жасалған бөбекжайда би, ағылшын тілі және бейнелеу үйірмелері бар.

«Балабақшада балалардың жас ерекшеліктеріне сай барлық жағдай жасалған. Әр топтың өзінің құрал-жабдықтары бар. Жататын төсек-орындар, үстелдердің барлығы балалардың жас ерекшеліктеріне сай жасалынған», ‒ деді балабақша меңгерушісі Гүлшат Рүстемова.

Жыл басынан бері Медеу ауданында осы іспеттес 6 бала бақша ашылыпты. Олардың жобалық сыйымдылығы 350 орын.  

Сая Меңдеке, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров