84 жастағы алматылық тұрғын: Еліміздің амандығын ойлайтын әрбір Қазақстан азаматы вакцина алуы керек

Almaty.tv
Almaty.tv
Алматыда эпидемиологиялық ахуал өте күрделі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда эпидемиологиялық ахуал өте күрделі. Мамандар эпидахуал былтырғы жылмен салыстырғанда ауру деңгейі 10 есеге артқанын айтып, дабыл қағуда. Тек, соңғы аптада жұқтыру дерегі 2 есеге көбейіп, қалада күніне 400-ге жуық науқас анықталып жатыр. Осы тұста, дәрігерлер бұл кеселдің алдын алудың жалғыз жолы - вакцина екенін тағы да ескертуде. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.

84 жастағы Меңдеш Досымханұлы мен Рая Жалғасқызының отау құрғанына биыл 60 жыл толған. «Гаухар тойын» атап өтуге бел буған қариялар өмірде талай қуаныш пен қиындықты бастан кешкенін айтады. Қарттардың бірі – бүгінде профессор, екіншісі –өнегелі ұстаз. Қазір 5 немере мен 2 шөберенің ата-әжесі. Десе де қартайған шақтарында елде пандемия жарияланып, біраз үрей туды дейді. Сол себепті зейнеткерлер бірден екпе алуды ұйғарған.    

«Соңғы 2 жылда еліміздің басына түскен мына нәубәт бәрімізді де қинап жатыр. 84 жасқа келгеніме қарамастан, біз отбасымызбен  осы вакцина алуды қолдап, алып отырмыз. Әуелі Алла, қала берді медицинаның көмегімен қазір өзімізді жақсы сезініп отырмыз. «Сақтансаң, сақтармын» деген. Сондықтан бәрі де қорықпай, еліміздің амандығын, жұртымыздың тыныштығын ойлайтын әрбір Қазақстанның азаматы вакцинаны алуы керек», – деді қала тұрғыны Меңдеш Есқалиев.

Осылай, бүгінде қалада екпе алуда белсенділік танытқан 60 жастан асқан қариялар саны 87 134 адамға жетіпті. Жалпы бүгінге дейін шаһарда вакциналау науқанына 534 199 алматылық қатысқан. Тек соңғы тәулікте 10 мыңнан аса азамат екпе алуға ниет білідіріпті. Шаһар халқы бір ауыздан «ауырып, ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген» абзал дейді.  

«Көп осы ұжыммен жұмыс істегендіктен, адамдардың арасында көп жүремін. Сондықтан вакцина алу керекпін деп ойлаймын өзімді. Барлығымыз аман болуымыз үшін осындай мемлекеттің жасаған қамқорлығында болып, екпені алуымыз керек», – деді қала тұрғыны Гүлмира Құсбекова.

«Әрине, бастапқыда қорқыныш болды. Бірақ екпе алу қажет қой. Егер азаматтардың денсаулық жағдайы жақсы болса, міндетті түрде екпе алуы қажет деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Сәуле Есенәлиева.

Қала халқының осылай екпе алуға белсенділік таныта бастауына  «дельта» штамының пайда болуы басты себеп дейді дәрігерлер. Ал, эпидемиологтар шаһарда коронавирустық ахуалдың әлі де күрделі екенін айтып, дабыл қағуда. Осы уақытқа дейін мегаполисте індеттің ілмегіне ілінгендер саны 76 407 адамға жеткен. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда ауру деңгейі 10 есеге артқанын көрсетеді. Ал, соңғы апталарда жұқтыру жағдайы 2 есеге өсіп, соңғы тәулікте 299 науқас тіркеліпті. Осы тұста, екпе алу арқылы ағзаны қорғауға болады дейді мамандар.

«Сәуір, мамыр айларында адам саны жалпы алғанда көбірек болған. Кейін маусым айында адам саны бәсеңдеп, азайып қалған болатын. Бірақ «Дельта» штаммы шыққаннан кейін, қазір адамдар саны көбейіп, келіп жатыр. Менің ең бірінші кеңесім қорықпаңыздар! Қорқыныштарыңыз сіздердің басыңызда. Вакцинадан қорқудың қажеті жоқ», – деді №17 қалалық емхананың терапевт-дәрігері Әнел Құрманова.

Айта кету керек, бүгінде вакциналау паспорты Ashyq қосымшасымен біріктірілген. Аталған жоба азаматтардың корнавирус екпесін алған-алмағаны және жұқтырған-жұқтырмағаны туралы ақпар көрсетеді. Бүгінде бұл қосымшаның QR-коды арқылы қала бойынша 1449 тұрғынның «қызыл», ал 370 тұрғынның «сары» мәртебеге ие екені расталып отыр.

Аяулым Көлжігіт, Ескендір Тоғыспаев, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы

Новости партнеров