Алматыда коронавирус вакцинасын салатын тағы бір егу пункті «Глобус» сауда ойын-сауық орталығында іске қосылды. Онда 2 аптаның ішінде 266 адам екпе салдырған. Жалпы қазір қаланың әр аймағында 214 вакциналау кабинеті жұмыс істеп тұр. Екпе алуға ниет білдіргендер вакцинаның қай түрін таңдауда? Толығырақ Almaty.tv тілші тарқатады.
Бұл егу пункті қалалық №30 емханаға қосалқы көмек ретінде 30 сәуірде іске қосылған. Келушілер қатары көбіне 45 жасқа дейінгі азаматтар екен. Сонымен қатар, науқанға жақын маңайда тұратын зейнеткерлер де қатысуда дейді дәрігерлер.
«Екпе салуға рұқсат берілмеген жағдайлар болды. Мәселен, кей адамдардың аллергиясы бар немесе аяғы ауыр және бала емізетін қыз-келіншектер, асқынған аурулары бар науқастар. Бірақ вакциналау науқаны жоспарлы түрде өтуде. Әзірге 1-компоненті салынып жатыр», – деді қалалық №30 емхананың бөлімше меңгерушісі Нұрлан Сұлтанов.
Мұнда келушілерге вакцинаның 2 түрі – «Спутник V» мен «HayatVax» екпесі ұсынылады екен. Бірақ басым көпшілігі тек ресейлік екпені алуға ниет білдіріпті. Белсенділік танытқан халық «сақтықта – қорлық жоқ» дейді.
«Мен қоғамдық орында жұмыс істеймін. Бізге қариялар көп келеді. Сондықтан ауырып қалсам, өзгелерге және жақындарыма вирусты жұқтырамын ба деп қорқамын. Сол себепті вакцина алуға келдім», – деді қала тұрғыны Милена Илизарова.
«Дәрігерлер маған екпе алғаннан кейін болуы мүмкін кері әсер туралы айтып, түсіндірді. Уайым бар. Десе де, мен вакцина алуға бел будым», – деді қала тұрғыны Абай Хамитов.
Бүгінде шаһарда барлығы 263 мыңға жуық қала тұрғыны вакцина салдырған. Тек соңғы тәулікте екпе алғандар саны 3527-ге жетіп отыр. Соның ішінде Бостандық ауданының халқы егу бойынша алдыңғы қатарда тұрса, ең аз адам Жетісу ауданында тіркеліпті. Ал, науқанға қатысамын деушілер мегаполистің әр аймағында орналасқан 214 пункттің қалағанына баруына болады.
Аяулым Көлжігіт, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы