|
09.12.2021 | 20:37
807

«Омикрон» штамына қарсы қандай вакцинаның тиімді екені айтылды

Әлемде соңғы бір аптада ковидтен қайтыс болғандар саны 10 пайызға өскен

«Омикрон» штамына қарсы қандай вакцинаның тиімді екені айтылды Almaty.tv

Қазақстанда «омикрон» штамы анықталған жоқ. Бұл туралы еліміздің Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлады. Бірақ қазір коронавирус жұқтырған науқастардың іріктелген сынамаларына геномдық зерттеу жалғасып жатыр. Сондай-ақ бас дәрігер Үкімет отырысында ревакциналау әдісінің өзгергенін мәлімдеді. Бұған дейін қайта иммундау үшін екпенің толық курсынан кейін 6 немесе 9 ай өтуі қажет еді. Енді нақты 6 ай деп белгіленіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.          

Елімізде қайта егу науқаны басталғалы 44 702 адам егіліп үлгеріпті. Осылайша, күшейткіш мөлшермен вакциналау белсенді жалғасуда. Дегенмен 8 желтоқсаннан бастап ревакциналауға бірқатар өзгерістер енеді. Енді екпенің толық курсын аяқтаған кез келген адам 6 ай өткен соң үшінші мәрте егілуі қажет. Бұған дейін вакцинаның векторлы немесе инактивтендірілген болуына байланысты қайта егу уақыты белгіленетін еді. Бұл шешімді Алексей Цой иммунитетті коронавирустың жаңа штамдарына қарсы қайта ынталандыру үшін қабылдадық деп түсіндірді.

«Әлемде қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, иммундау жөніндегі ұлттық консультативтік комиссия халықты қайта вакциналау тактикасын қарады. Осылайша, коронавируспен ауырған пациенттер және вакциналауды екі дозамен аяқтаған барлық адамдар 6 айдан кейін қайта вакциналауға жатады. Сондықтан 8 желтоқсаннан бастап кез келген адам емханаға барып, қайта екпе алуына болады», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Бүгінде коронавирустың мутациялануы оның таралу қарқынын жылдамдатты. Соның салдарынан әлемде соңғы бір аптада ковидтен қайтыс болғандар саны 10 пайызға өскен. Сондықтан «омикрон» штамына қарсы вакциналарды өндіру қолға алынып жатыр. Осы ретте «Файзер» компаниясы мен оның серіктесі Biontech ревакциналау үшін америкалық жаңа вакцинаны қолданған тиімді дейді. Өндірушілердің мәлімдеуінше, Pfizer-дің күші пациенттің бұған дейін алған екі екпесімен бірдей екен. Яғни, ол қауіпті штамды бейтараптандыра алады. 

«Біздің екпенің жаңа нұсқасымен бүкіл әлем халқын ревакциналау арқылы адамдарды қауіпті штамнан қорғап, осы қыстан аман шығуға көмектескіміз келеді. Сондықтан біз серіктесіміз «Pfizer» компаниясымен бірге «омикронға» қарсы вакцина жасауды жалғастырамыз», – деді «Biontech» компаниясының негізін қалаушылардың бірі Озлем Тюреджи.

Ал елімізде коронавирусты анықтау жұмыстары жалғасуда. Қазақстан ғалымдары науқаста ковидтің бар-жоғын 15 минутта анықтауға мүмкіндік беретін шұғыл тесттерді өндіретін 10 түрлі компанияның өнімдеріне зерттеу жүргізіпті. Бүгін оның қорытындысын Жандарбек Бекшин хабарлады. Саралай келе, 3 мекеменің, соның ішінде отандық «Экофарм» компаниясының тесттері үздік деп танылыпты. Себебі олардың сезімталдығы өте жоғары, тиімділігі 80 пайыздан асқан. Ал ерекшелігі – ПТР-ге қарағанда 1 жарым пайызға дәл көрсетеді екен. Оны қолдану да өте оңай. Ең алдымен арнайы зонтты мұрын қуысына тығу қажет. Сосын оны құтыдағы сұйықтыққа батырып, шайқайды. Кейін бірден сынамаға құйып, 15 минут нәтижені күту керек. Бір сызық шықса, онда вирус жоқ, ал екеу болса, онда адам ковидпен сырқаттанды деген сөз. Енді дәл осы тесттерді елде ресми қолданысқа енгізу мәселесі Денсаулық сақтау министрлігінде қарастырылады. 

«Біз алдағы уақытта жедел тесттерді, соның ішінде отандық өндірушілердің шұғыл тесттерін Қазақстан аумағында жасауды кеңейтуді ұсынамыз. Кейін ол мемлекеттік және жекеменшік мекемелерде қолданылады. Қазірдің өзінде бірқатар идея бар. Мәселен дәл осы әдіс арқылы оқушылар арасында вирустың таралуының алдын алуға болады», – деді Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин.

Сонымен қатар еліміздің бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов Қазақстанның тағы 4 елдің екпе құжатын мойындағанын хабарлады. Енді бұл тізімде Канада, Чехия, Жапония және Черногория мемлекеттері бар. Одан бөлек соңғы екі аптада елімізде коронавирусқа шалдығу дерегі 28 пайызға төмендепті. Дегенмен кей өңірде науқастар қатары күрт өскен. Қазір Ақмола облысы қайтадан «қызыл» аймаққа өтті.

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир