Ковидтен кейін пайда болатын ауыр синдромдардан тек вакцина салғызу арқылы құтылуға болады. Өз-өзін және айналадағы адамдарды қорғауда бұл жалғыз ғана жол дейді дәрігерлер. Өйткені иіс және дәм сезу түйсігінің бұзылуынан бөлек, қауіпті індетті жұқтырғандар когнитивтік қабілетінен де айырылады екен. Демек, адам ұмытшақ бола бастайды, бірдеңеге өте ұзақ дағдыланады, ұйқысы бұзылып, құлақта шу пайда болады. Мамандардың айтуынша, ғалымдар вирустың миды зақымдайтынын анықтаған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Татьяна Федоровна 1 жылдан бері осы тәтті тағам сататын дүкенде қызмет етеді. 2 апта бұрын «Спутник V» вакцинасын алыпты. Өйткені күнделікті мұнда 100 шақты адам келеді. Оларға тауар ұсыну, кеңес беру бар, яғни ұдайы қарым-қатынаста болғандықтан, екпе салғызып сақтануды жөн көріпті.
«Ең бірінші кезекте, мен өз жақындарым үшін алаңдадым. Өйткені біздің дүкенге адам көп келеді. Әрқайсысына жіті көңіл бөліп, қызмет көрсетуге тырысасың. Қандай да бір ауыр зардаптардың алдын алу үшін өзім вакцина аламын деп шештім», – деді сатушы Татьяна Таранова.
Ал, иммунолог дәрігерлер екпе алу арқылы ковидтен кейін пайда болатын синдромды айналып өтуге болатынын ескертеді. Нақтырақ айтқанда, көпке таныс белгілердің бірі – ол иіс сезу және дәм сезу қабілетінен айырылу. Дәрігерлер бұл дисфункцияны ми учаскесіне сұр заттың қажетті мөлшерде жетпеуімен байланыстырып отыр. Нәтижесінде адамның жұмыс істеуге деген құлшынысы төмендеп, есте сақтау қабілеті нашарлайды.
«Иіс сезі, дәм сезу қабілетін жоғалту былай тұрсын, коронавирус жұқтырғандар когнитивтік қабілетінен де айырылады. Бұл дегеніміз – адам ұмытшақ бола бастайды, бірдеңеге өте ұзақ дағдыланады, ұйқы бұзылады, құлақта шу пайда болады. Осының бәрін зерттей келе, ғалымдар вирустың миды зақымдайтынын анықтады», – деді иммунолог Гаухар Құрманова.
Коронавирустық инфекцияны вакцина алғандар жеңіл өткереді дейді дәрігерлер. Статистикаға жүгінсек, Алматыда екпе салғызғандардың 1,2 пайызы ғана індет жұқтырыпты.
«Күнделікті талдау жасалынады. Біз бірінші қатарға 60 жастан асқан кісілерді, студенттерді, қандай да бір созылмалы аурулары бар адамдарды бірінші кезекке қойып, соларды вакциналауға шақырамыз», – деді № 5 қалалық емхананың бөлім меңгерушісі Гүлзат Байзақова.
Қалада екпе алу қарқынды жүруде. Вакцинаны 60 жастан асқан 96 мыңнан астам азамат алыпты. Қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметіне сәйкес, шаһар бойынша 1 тәулікте 5001 адам екпе салғызған.
Сая Меңдеке, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы