Дүниежүзі бойынша «Спутник V» вакцинасы 67 мемлекетте тіркелді. Демек, бұл екпе әлем халқының 3 жарым миллиардына жетеді деген сөз. Осы уақытқа дейін препарат салдарынан өлім-жітім тіркелмеген. Сарапшылардың мәліметтері мен соңғы зерттеулерінің нәтижесі «Спутник V» вакцинасының COVID-19-ға тиімділігі 97,3 пайызды көрсетті. Ал екпені жасап шығарушылар бұл вакцинаның үнді штамына қарсы тиіміділігі 90 пайыз екенін айтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Спутник V» - адам аденовирусы векторының платформасы негізінде жасалып, тіркелген әлемдегі алғашқы вакцина. Ол тиімділігі 90 пайыздан жоғары екпелердің үштігіне енді. Қазіргі таңда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы препараттың сапасын бағалауда. Бұл процесс аяқталуға жақын. Мамандар вакцинаның оң баға алатынына сенімді.
«Бұл процесс тез аяқталады деп үміттенемін, нәтиже таяу арада шығады. Ресей Федерациясындағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңсесі бұл жұмыстарға қатыспайды. Себебі бұл штаб-пәтер, өндіруші және денсаулық сақтау жүйесі арасындағы жабық процесс», – деді ДДСҰ Ресейдегі өкілі Мелита Вуйнович.
«Қауіпсіз әрі тиімді». Отандық дәрігерлер Спутник V вакцинасын осылай бағалап отыр. Олардың айтуынша, екпе алғаннан кейінгі ағзада туындайтын жанама әсерлер препараттың тиімділігін дәлелдейді. Себебі осылайша организм вакцинаға жауап қайтарып, вируспен күресуге жаттығып, иммунитет қалыптастырады.
«Бұл дененің табиғи реакциясы. Себебі иммундау процесінде ағзаның қорғану жүйесі жауап беруі керек. Вакцинаның артықшылығы – екпе алған организмнің иммунитеті өзінше жаттығып, шынығады. Вакцина инфекцияның дендеп кетуіне жол бермейді», – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кафедрасы доцентінің міндетін атқарушы Айнаш Алтаева.
Біріккен Араб Әмірліктері денсаулық сақтау министрлігі ресейлік екпенің коронавирусқа қарсы тиімділігін 97,8 пайыз деп бағалады. Ал COVID-19-дың ауыр түрлерін алдын-алуға жүз пайыз қауқарлы деп жариялады. Зерттеу кезінде 81 мың адамға «Спутник V» препараты салынып, олар мамандардың бақылауында болған. Қазір екпе Аргентина, Венгрия, Мексика, Біріккен Араб Әмірліктері елдерінде сұранысқа ие.
«Мен өте қуаныштымын. Бізге берілген мүмкіндікті пайдалануымыз керек деп ойлаймын. Бұл вакцинаның түрін сенімді деп санаймын. Осыған дейін жүргізілген зерттеулер екпеден кейінгі жанама әсерлер қалыпты жағдай екенін көрсетті», – деді Мендос қаласының тұрғыны Эмануэль Ферри.
«Германияда екпе алу үшін 5-10 айдай күтуге тура келетін еді. Сондықтан басқа амалдарды қарастырдым. Ресейге барып вакцина алып келдім», – деді Штутгарт қаласының тұрғыны Уве Кейм.
«Біздің жер көптілді аймаққа жатады. Мұндағы халық көбіне орыс және Беларусь телеарналарын тамашалайды. Барлығы «Спутник V» вакцинасын күтіп жүр, себебі бұл препарат сенімдірек дейді. Тіпті, екпе алу үшін арнайы Ресейге барып жатқандар бар», – деді Шальчининкай қаласының тұрғыны Алисия Щербайте.
Елімізде 2 миллион 443 мыңға жуық қазақстандық вакцинаның екі бірдей компонентін алған. Республикада салынған екпе саны бойынша Алматы қаласы бірінші орында тұр. Мұнда осы уақытқа дейін 558 мыңнан астам тұрғын коронавирус вакцинасының бірінші дозасын алған. Айта кетейін, халықты вакцинамен кеңінен қамту үшін қаладағы емханалар, сауда үйлері, базарлар, мектептер, мәдениет және спорт нысандарында 212 екпе пункті демалыссыз жұмыс істеп тұр.
Сымбат Ноғай, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы