Тексеру жұмысы шынайы өтуі үшін мониторингтік топ өкілдері аудандық әкімдіктің QR кодын да ала келіпті
Бүгін Алматыда сауда орталықтарындағы қызмет көрсету мамандарының вакцина паспорты тексерілді. Қоғамдық орындардағы санитарлық талаптың сақталуын қадағалаған тексеру тобы құжат анықтамаларына да зер салды. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатады.
Мониторингтік топ өкілдері құжаттық бақылаумен ғана шектеліп қалған жоқ. Қазір мұндағы бір қызметкерді шақырып, вакцина паспортының жалған болмауы үшін «Ashyq» жүйесі арқылы тексеру жүргізіліп жатыр.
Алмалы ауданы әкімдігінің өкілдері аудан аумағында орналасқан кезекті нысандағы ереженің ескерілуін қадағалады. Кіре берісінен-ақ жүйедегі мәртебесін тексеруді талап еткен сауда орнында 105 қызметкер жұмыс істейді. Жетеуінің екпе салғызуға медициналық қарсы көрсетілімі бар екен.
«Сауда жасайтын кісілердің бәрінде «Ashyq» жүйесі бойынша тексеріп, кіргізіледі. Өйткені ол Бас санитар дәрігердің қаулысы бойынша жұмыс істейміз. Ол біз үшін маңызды», – деді сауда дүкенінің менеджері Айнұр Ахунова.
Тексеру жұмысы шынайы өтуі үшін мониторингтік топ өкілдері аудандық әкімдіктің QR кодын да ала келіпті. Кез келген 10 қызметкерді таңдап, жүйе арқылы мәртебені тексергендер «бұлай ету – ең әуелі мамандар мен орталық қонақтарының денсаулығы үшін», дейді.
«МВК комиссияның тапсырмасы бойынша, мобильді топ құрылған мемлекет бойынша. Сол Алмалы ауданында да 4 топ құрылған вакцинация бойынша. Жұмыстары 99 пайызға орындалды деп айтуға болады. 3-4 күн болды жұмыс басталғалы бері. Енді сол бойынша жұмыс жүргізіле береді, тексеріс», – деді Алмалы аудандық кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Ғапур Бақтияр.
Айта кетейік, рейд жұмысы басталғалы мамандар 8 ірі нысанға тексеру жүргізіп үлгерген. Бір ғана Алмалы ауданының өзінде мұндай 4 топ үзіліс-демалыссыз жұмыс істеп келеді. Әкімдік өкілінің айтуынша, бұл тек бастамасы ғана.
Мадина Оқас, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы