Шаһарда 270 мыңнан аса тұрғын COVID-19-ға қарсы екпе алған
Елімізде коронавирусқа қарсы вакцина алғандардың саны 1 миллион 8 жүз мыңнан асты. Олардың ішінде Алматы қаласы көш бастап тұр. Шаһарда 270 мыңнан аса тұрғын COVID-19-ға қарсы екпе алған. Айта кететіні, олардың 30 мыңнан астамы егде жастағы алматылықтар. Ал, қалада вакцинаның қоры жеткілікті ме? Отандық QazVac екпесіне сұраныс қандай? Тақырыпты Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай жалғастырсын.
Қала бойынша тұрғындарды вакциналау қарқынды түрде жалғасып жатыр. 3,5 айдың ішінде екпенің 2 компонентін 155 мыңнан астам алматылық салдырып үлгерген. Ал, мамандар вакцинаның әлемдегі пандемияны жеңетін жалғыз жол екеніне кәміл сенеді.
«Қазір біздің дәрігерлер күндіз-түні жұмыс істеп жатыр, олар туыстарын көрмейді, шаршайды. Біз вакцинаның арқасында ғана пандемияны жеңе алатынымызды түсінуіміз керек. Коронавирус вакцинасын алған адамдар саны бойынша әлемде бірінші орында тұрған Израильден үлгі алу керек. Онда науқастар санының нөлге дейін төмендеуі байқалады. Біз дәл осындай нәтижеге қол жеткіземіз деп үміттенемін», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары қызметін уақытша атқарушы Лаура Мырзағали.
Қазір егу пунктерінде вакцинаның үш түрі бар. Атап айтқанда, қазақстандық «QazVac», қытайлық Sinopharm технологиясымен өндірілген араб вакцинасы Hayat-Vax және ресейлік «Спутник-V».
«Ең көп салынатыны «Спутник-V» вакцинасы. Себебі бізге бірінші келген вакцина сол болды. Сол себепті бірінші және екінші компоненттерін алып жатыр. Бірақ қазір Қазақстанның вакцинасын да ала береді барлығы. Әркімнің өз қалауы бойынша вакцина салынады», – деді қалалық №11 емхананың терапия бөлімінің меңгерушісі Назым Күшікбаева.
Қала бойынша 214 вакциналау пункті демалыссыз жұмыс істеуде. Олар қаланың орталығынан бастап шеткі аудандарға дейінгі мектептер, сауда орындары, мұражайлар, базарлар, тіпті мешіттерде ашылған.
«Бәрі алып жатыр. Аға-жеңгем алды, күйеуім алды, мен алдым. Ақырындап алып жатырмыз барлығымыз», – деді қала тұрғыны Айгүл Қалиева.
«Достарымның барлығы вакцина алып қойды. Мен ғана қалдым іштерңнде. Алдыңғы жылы COVID-пен ауырғандай болдым. Дәмді де, иісті де сезуді қойдым. Одан кейін өз қалпыма келдім», – деді қала тұрғыны Береке Тұрлыбек.
Қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше шаһарда вакцинаның қоры жеткілікті. Осы уақытқа дейін 9 транш бойынша қалаға екпенің 4 мыңға жуық дозасы жеткізілген.
Сымбат Ноғай, «Алматы» телеарнасы