Қазақстанда вакцина алмаған қызметкерлерді тексеру басталады. Ол үшін Денсаулық сақтау министрлігі, мүдделі мемлекеттік органдар және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы алгоритм әзірледі. Мониторингтік топ қызметкердің вакцина алмағанын анықтаса, оған жұмыс беруші әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv
Еске салсақ, екпе алуға міндетті қызметкерлер үшін екпенің 2-компонентін салғызу мерзімі 1-қыркүйекте аяқталған.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, індет жұқтырғандардың 99,9 пайызы вакцина алмағандар. Статистикаға сүйенсек, 7070 адам екпенің бірінші компонентін салдырғаннан кейін коронавируспен ауырған. Мәселен, Спутник V препаратын алған 5 миллион 700 мыңға жуық адамның тек 0,1 пайызы COVID-19 жұқтырған.
«Қазір бізде вакциналау жұмыстары жақсы жүруде. Халық көп келіп жатыр. Себебі олар қаладағы эпидемиологиялық аухалды біледі. Сондай-ақ, вакцина алса вирусты жұқтырғанның өзінде оны жеңіл өткеретінінен хабардар», – деді №15 қалалық емханасы бас дәрігерінің орынбасары Әсел Сатаева.
Вакциналау пунктілерінде алматылықтарға Спутник-V, QazVac және Vero-Cell препараттары қолжетімді. Тұрғындардың таңдауы әсіресе қытайлық вакцинаға түседі – дейді дәрігерлер.
«VeroCell деген Қытайдың екпесі болып табылады. Бүкіл дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған вакцина. Екі компоненттік болып табылады. Температура 1-2 күн көтерілуі мүмкін. Қазіргі таңда біздің науқастардың арасында кері әсері болып жатқан жоқ», – деді №15 қалалық емхананың эпидемиолог-дәрігері Альмира Қамбарбекқызы.
Ал Алматы қаласы екпе алған тұрғындар саны бойынша елімізде көш бастап тұр. Мұнда өткен тәулікте екі компонентті қоса алғанда 10 мыңнан аса алматылық вакцина салдырған. Осы күнге дейін жалпы 896 мыңға жуық адам иммундау шарасынан өткен.
«Салғаныма 15 минут болды. Өзімді жақсы сезініп тұрмын. Вакцина алуға барлық қала тұрғындарын шақырамын. Дәрігерлердің кеңесі бойынша вакцина алдым. Дәрігерлердің сөзіне құлақ түрейік», – деді қала тұрғыны Айдос Кәзімжан.
Айта кетері, елімізде вакцина туралы толық және сенімді ақпарат беретін egu.kz сайты қосылды. Платформада қазақстандықтар үшін вакциналау пункттері, препараттар туралы толық ақпараттар мен мамандар пікірі ұсынылған.
Сымбат Ноғай, Ғани Қалуов,«Алматы» телеарнасы