Дінтанушылардың вакцина жайлы пікірі қандай?
Нарықтағы вакциналар жыл сайын 3 миллиондай адамның өмірін құтқарады. Бұл дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдемесі. Қай заманда болмасын адамзат екпенің арқасында ғана түрлі кеселдерді жеңе білген. Мәселен, әлемдегі ең алғашқы вакцина 18 ғасырда жасалып, миллиондаған жанды шешектен арашалап қалды. Ұтымды тәжірибе осылайша бүгінгі күнге дейін жетті. Осылай деген дінтанушы мамандар еліміздегі негізгі діндерде де адам өмірін қорғау басты парыз екенін айтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Теолог мамандар антиваксерлердің діни ағымдарға сүйене отырып, вакцинаны қаралап жатқан негізсіз қауесеттеріне сенуге болмайды деген пікірде. Дінтанушылар зайырлы мемлекетімізде діни бірлестіктер де вакцина алудың маңызын жақсы түсініп, насихаттап жүргенін айтады.
«Нақты ақпараттарға жүгіну керек. Себебі біз білеміз ҚМДБ вакциналау мәселесін қолдайды. Православтық шіркеу де вакциналау мәселесін қолдайды. Ал, жаңағы айтып кеткен азшылық ұсынатын кейбір діни ағымдардың өзінде вакциналауды қолдап жатқандар бар», – деді дінтанушы, философия ғылымдарының кандидаты Жанна Қаңтарбаева.
Алматыда екпе алған қарт кісілердің де қатары көбеюде. Мәселен, осы уақытқа дейін 60 жастан асқан 110 мыңдай тұрғын вакцина салдырған. Белсенді өмір салтын серік еткен 63 жастағы Наталья Григорьева да иммундау шарасынан өтті.
«Қазір зейнеттемін. Өзім болашақта ауырып қалмау үшін және айналамдағыларды қорғау мақсатымен екпе алу шешімін қабылдадым. Бүгін қытайлық Sinopharm компаниясының вакцинасын салдырдым. Өзімді жақсы сезінемін», – деді қала тұрғыны Наталья Григорьева.
Еске салсам, ертең бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес екі компонентті міндетті вакциналау мерзімі аяқталады. Осы ретте қоғам қайраткерлері де еш алаңсыз жұмыс істеп, індеттен қорғану үшін вакцина алуға шақырады.
«Барлығымыздың да, туысымыз, жақынымыз, маңайдағы бірге істеген адамдарымыз ауырды. О дүниелік боп кеткендер қаншама!? Сол үшін бүгінгі ғылымның бірден-бір айтары осы вакцина. «Вакцинаны салдыру – індеттен құтылудың жолы» деп ғалымдар айтып жатыр. Мен де қосыламын», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Фарида Мерхамитқызы.
Айта кетейін, республика бойынша толық вакциналаудан өткен отандастарымыздың саны 5 миллион 366 мыңға жуықтады. Бұл көрсеткіш бойынша Алматы қаласы бірінші орында тұр. Шаһарда 867 мыңнан аса тұрғын екпенің бірінші құрамдас бөлігін салдырған.
Сымбат Ноғай, Сағындық Нарықов, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы