Бұл туралы Қаржы министрі айтты
Елімізде жемқорлардан алынған 60 млрд теңге әлі игерілмеген. Қаражат білім ошақтарын жаңалауға жұмсалуы тиіс. Бұл туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Министр мәліметінше, 150 млрд теңге мемлекетке қайтарылған. Оның жартысы өңірлерде мектеп салуға бөлінді. Арнайы құрылған республикалық комиссия сұранысқа байланыс қаржыларды үлестіріп отыр. Алайда қаржы мақсатты жұмсалмаған.
– Арнайы шоттан 62 мектепке 90 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Ал 60 млрд теңгеге жуық қаражат бар, – деді ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Қаржы министрі бүгінге дейін сыртқа кеткен капиталдың мәселесін де айтты. Ерұлан Жамаубаевтың сөзінше, Қазақстанда офшорлық аймақтардың тізімі бекітілген. Жылда елден шамамен 200 млн доллар капитал шекара асырылып отырады. Бүгінде шетелге заңсыз шығарылған ақша көлемі 45 млрд теңгеге жуықтаған. Министр «Ұлттық банк жүргізген мониторинг бойынша қаржыны қайтару жұмыстары басталды» деді.
– Капиталды заңсыз иемденген немесе сыртқа шығаруға қатысты кешенді жұмыстар жүріп жатыр. Соның аясындағы трансферттік баға белгілеуді бақылап отырмыз. Заң аясында қосымша делдалдардың пайда болуына шектеу қоямыз, – деді Ерұлан Жамаубаев.
Оқи отырыңыз: Алматыда IT-стартап жобаларға кәсіпкерлер қанша қаржы құйды