Зорлық-зомбылық: жаңа заң аясында 23 мың адам жауапқа тартылған

Unsplash
Unsplash

Ұл-қызының тәрбиесіне атүсті қарайтын ата-ана құқығынан айыру мәселесі қарастырылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Отбасында ойран жасап, бала-шағасының берекесін қашырған тирандарды жөнге салу оңай болмақ. Полиция тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарды жәбірленуші шағымын күтпей-ақ анықтай алады. Ол үшін видео дәлелдеме немесе әлдекімнің арызы болса жеткілікті. Қазір қолданысқа енгізілген жаңа заң аясында 23 мың адам жауапқа тартылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстанда соңғы 7 айда тұрмыстық жанжалға қатысты  50 мың жағдай тіркелген. Арыз-шағымның 64 пайызына әкімшілік іс қозғалған. Бұл – ресми дерек. Шындығында үйдегі жанжалды сыртқа шығармай жылы жауып қоятындар да аз емес. Жыл сайын елде 80 әйел таяқтың астында қалып тирандардың қолынан қаза табады. Күн сайын ішкі істер органдарына үйдегі жанжалға қатысты 300-ге жуық хабарлама келіп түседі.  

– Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тек құзырлы орган өкілдерінің жауапкершілігіндегі мәселе емес. Әр азамат осындай жағдайдан хабардар болса, бей-жай қарамауы керек. Жаңа заңнама шеңберінде тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеудің анықтаушы сипатына көштік. Қылмыстық және әкімшілік кодекстерге түзетулер енгізілді, – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ренат Зулхаиров.

Заңнамаға енгізілген түзетулердің ішінде қылмыстық іс қозғалу жағдайы да бар. Енді отбасындағы әйел не баласына қол көтерген адам заңмен жауапқа тартылуы мүмкін. Тирандардан бөлек, бала алдындағы  ата-ананың жауапкершілігі таразыға түсіп отыр. Ұл-қызының тәрбиесі мен қауіпсіздігіне атүсті қарайтындарды ата-ана құқығынан айыру мәселесі қарастырылған. Бүгінде 8 мыңнан астам адам арнайы есепке алынған.

– Былтыр тамызда18,5 мыңнан астам сауалнама жүргізілген. 884 жағдайда құқықбұзушылықты қайта жасау қаупі жоғары болды. Бұл ретте агрессияны болдырмау үшін құқықбұзушыларды ерікті түрде психокоррекциялық курстардан өтуге шақырамыз. Заңнамаға түзетулер енгізу бойынша жұмысты жандандырып жатырмыз. Әр отбасындағы баланың қауіпсіздігі бәрімізді алаңдатуы керек, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Наталья Дементьева.

Қазақстанда соңғы 4 жылда 900-ге жуық адамның ажалы үйдегі зорлық-зомбылықтан болған. Ал 2000-нан астам таяқтың астында қалған тұрғын денсаулығына ауыр зиян келтірген. Мамандар полицияның әрекеті отбасындағы ұрыс-керісті түбегейлі шешпейтінін айтты. Себебі олардың дені маскүнемдікке әуес көрінеді.

Кәмшат Мұхамеджан, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Оқушы өлімі: Қызылорда облысындағы оқиғаға сыныптасы күдікті деп танылды

Новости партнеров