Тұрмыстық зорлық-зомбылық: сенаторлар заң жобасын қолдайды

Almaty.tv
Almaty.tv
Былтыр тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 69 әйел мен 7 бала көз жұмған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдататын заң жобасы дайын. Құжат жақын арада Мәжіліске жіберіледі. Ал сенаторлар болса аталған заңды қазірдің өзінде қолдауға шақырып, өздері мақұлдайтындарын жеткізіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жұбайларын ұрып-соғып, жүгенсіз жүрген жігіттерді жөнге салатын құжатта зорлық-зомбылықты криминализациялау, яғни ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл түрде зиян келтіру үшін қылмыстық жауапкершілік қарастыру керек екені жазылған. Бұрын мұндай әрекеттерге әкімшілік жаза қолданылатын. Сонымен қатар заңда балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрлері үшін жазаны күшейту және тараптардың татуласуына жол бермеу қарастырылған. Қылмыстық кодекстегі ерекше талаптар, оның ішінде агрессормен психологиялық жұмыс жүргізу сынды бөлімдер де бар. Сенатор Жанна Асанова заң жобасын қос қолдап қолдайтынын айтты.  

– Заң жобасы шықты деп естідік. Мемлекеттік қорытындыдан өтіп, әр жерден қолдау тауып, Мәжіліске өтуі керек. Ал енді Мәжілісте талқыланған кезде бәріміз қосылып, атсалысып, қолдауға тырысамыз, – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жанна Асанова.

Заңды қатаңдатумен қатар, түсіндірме жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Ішкі істер министрлігі арнайы профилактикалық шараларды да қолға алыпты. Алайда заңның әлсіздігін жұдырық ала жүгіретін жігіттер біліп алған көрінеді.  

– Жеке профилактикалық шаралардың бірі ішкі істер органдарының өтініші бойынша соттар құқық бұзушылардың мінез-құлқына 15 мыңнан астам ерекше талап белгіледі. Осы аталған шектеулерді бұзғаны үшін 12 мыңнан астам құқық бұзушы шектеулерді бұзу бойынша әкімшілік жауапкерішілікке тартылды, – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаева.

Сенатор Жанна Асанованың есебінше, елімізде 2023 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 69 әйел мен 7 бала қайтыс болған. Осы бір жыл ішінде 99 мыңнан астам өтініш түсіп, балаларға қатысты 2 мың 452 қылмыс жасалған.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Қазақстанда тұрмыстық-зорлық зомбылық үшін жазалауды қатаңдататын заң жобасы дайын

Новости партнеров