Тұрмыстық зорлық-зомбылық: былтыр 125 мыңдай арыз түскен

Almaty TV
Almaty TV

Президент құқықбұзушылықтың бұл түріне қолданатын жазаны қатаңдатуды айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты арыз көбейген. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, полицейлерге осы іс бойынша бір жылда жалпы 125 мыңға жуық адам жүгінген. Олардың көбі – зілдей жұдырықтың құрбаны болған нәзік жандар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Күйеуінен зәбір көрген әйел аты-жөні мен түрін жария етуден бас тартты. Себебі өміріндегі сұмдықты айтып елге танылғысы келмейді. Оның айтуынша, қорғаушысындай болған азаматы бір сәтте-ақ қорлаушыға айналған. Басында балағаттап, ал ішімдікке тойған күні сабауды әдет қылған көрінеді.

– Бір сәтте-ақ өзгеріп шықты. Құдды бір басқа адамға ауысып кеткендей. Кезінде шексіз сүйіп қосылған жұбайымды танымай қалдым. Аяусыз соққыға жықты. Денеме қауіпті ауыр жарақат салды. Оны әдетке айналдырды. Бірақ сонда да оған кешіріммен қарадым, – дейді жәбірленуші.

Жәбірленуші кешіргенімен, заң кешірмеген. Әйелін қорлаған күйеуіне 3 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы кесілген. Кезінде зорлыққа бой алдырып, өз өмірін де құртқан адам барлығы арақтың кесірінен болғанын айтты.

– Ол мені кешірді. Бірақ мен өзімді кешіре алмаймын. Ес жоғалтып, соншалық азғын болғаныма жүрегім қан жылайды. Өкініштісі, қатемді кеш түсіндім. Мен опасыз қылық істедім. Әйелге қол көтеру – нағыз айуандық, деді сотталушы.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық биыл да баса мән беретін мәселенің бірі болмақ. Президент құқықбұзушылықтың бұл түріне қолданатын жазаны қатаңдатуды айтты. Биыл Ішкі істер министрлігінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімше құрылады.

– Сонымен қатар жаңа заңның талаптарының бірі, әкімшілік істерді арызданушының шағымына жүгінбей, болған оқиғаны басшылыққа ала отырып, іс қозғауға мүмкіндік бар, – деді Түрксіб ауданының прокуроры Ізбасар Масақбаев.

Құзырлы органдардың дерегінше, отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты былтыр 125 мыңдай арыз түскен. Бұл өткен жылдардағы көрсеткіштен көп. Статистикаға сүйенсек, 2022 жылы 9 айда тұрмыстық сипаттағы қылмыс 93 әйелдің, ал 2023 жылы шамамен 20 адамның өліміне себеп болған.

Оразай Нұртайұлы, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қабылданған заңдар халықтың тұрмыс сапасын арттыруға тікелей ықпал етеді - ҚР Президенті

Новости партнеров