Алматы тұрғыны қарияны тонап кеткен күдіктіні ұстауға көмектесті

29.07.2026 16:19

Аталған дерек бойынша тонау фактісімен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр

polisia.kz

Алматыда қарт әйелге жасалған тонау қылмысын ашуға және күдіктіні ұстауға көмектескен 25 жастағы қала тұрғыны марапатталды. Азаматтың қырағылығы мен белсенді азаматтық ұстанымын жоғары бағалаған Әуезов аудандық полиция басқармасының қызметкерлері оған алғыс хат пен естелік сыйлық табыстады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Оқиға 20 шілдеде кешкі уақытта Төле би мен Саин көшелерінің қиылысында болған. Тергеу мәліметінше, белгісіз ер адам 84 жастағы әйелге шабуыл жасап, оның бетінен ұрып, ақшасы мен телефоны салынған сөмкесін тартып алып, оқиға орнынан қашып кетуге әрекеттенген.

Оқиғаның куәгері болған Роман бір сәт те ойланбастан, басқа азаматтармен бірге күдіктінің соңынан қуып, полиция қызметкерлері келгенге дейін оны ұстауға көмектескен.

Күдікті оқиға орнына келген полиция жасағына тапсырылды. Тергеу барысында оның жеке басы анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Аталған дерек бойынша тонау фактісімен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

– Романға батылдығы, батыл шешім қабылдай білгені және бейжай қарамағаны үшін шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Мұндай әрекет ерекше құрметке лайық. Қылмыстың куәсі болған кезде әркім бірдей араша түсе бермейді. Бұл жағдайда азаматтық жауапкершілік пен белсенді ұстанымның арқасында күдікті жедел ұсталып, әділдіктің салтанат құруына ықпал етті. Полиция қала тұрғындарының қолдауын әрдайым жоғары бағалайды. Қауіпсіздік – бәрімізге ортақ іс. Қоғам мен полиция бірлесе әрекет еткенде ғана қылмыскерлердің жауапкершіліктен жалтаруы қиындай түседі. Бұл оқиға өзгелерге де үлгі болады деп сенемін. Кейде дер кезінде жасалған бір әрекет пен бір бейжай қарамаған азамат шешуші рөл атқаруы мүмкін, – деді Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Данияр Мендебаев.

Оқи отырыңыз: Жаңбыр жауса, далаға шыға алмаймыз: Мәңгілік ел көшесінің тұрғындары батпақтан көз ашпай келеді