Тұрғындар бірнеше мәрте қалалық әкімдікке жүгініп, хат та жазыпты
Сәтбаев қаласындағы Мәңгілік ел көшесінің тұрғындары жаңбыр жауса сыртқа шыға алмай қалады. Шағымданған жұрттың ауласы жауыннан кейін көлге айналып, жұрт жаяу жүре алмай қалады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Жаңбыр жауған сайын Мәңгілік ел көшесі көл болады. Арық жүйесі болмағандықтан, су бірнеше күн бойы тартылмай жатады. Ал күз бен көктемде жағдай тіпті қиындай түседі. Тұрғындардың айтуынша, бұл бір күннің немесе бір айдың мәселесі емес. Бір жылдан бері түйткіл нақты шешімін таппаған. Әсіресе егде жастағы адамдар мен балаларға қиын екен¤
Жаңбыр жауса бітті, шығыс жоқ. Өткенде бір екі күн қатарынан жаңбыр жауды анау орындықта отырдым, шыға алмадым. Нанымды алып жей алмадым. Әкімге бара алмадым, бірақ айтып кеттім. Бастығы «бір жетіден кейін тас төгеміз» деген содан бері әлі жоқ», – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Шайза Шәкенов.¤
«Көпбалалы анамын, жауын жауғанда мына жердің бәрі көл болады. Баллар үшін Көмек сұраймыз. Көріп тұрсыздар, жақында жауған су әлі көлшік болып тұр», – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Айнұр Әбиева.
Тұрғындар бірнеше мәрте қалалық әкімдікке жүгініп, хат та жазыпты. Мәселеге қатысты қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы жауап берді. Жауаптылар аталған жерге арнайы су қабылдайтын құдық орнату жоспарлап отырғанын жеткізді. Сол арқылы жаңбыр суының жиналуын азайтып, мәселені шешпек.
«Мәңгілік ел көшесіндегі 23-үйдің тұрғындарынан өтініш түсті. Мәселе бойынша бір шешімге келіп, коммуналдық мекемелерге тапсырма берілді. Тамыз айының басында немесе шілде айының соңында арнайы құдық қоямыз, жаңбыр суы сонда жиналады. Құдық толған жағдайда біз арнайы техникамен суды сорып аламыз», – деді Сәтбаев қаласы ТҮКШ бөлімінің басшысы Әшім Мұхамбетәлі.
Тұрғындар уәдеден гөрі нәтиженің маңызды екенін айтты. Себебі мәселе күзгі жауын-шашынға дейін шешім таппаса, жұрт тағы да су кешуге мәжбүр болады.
Алтынгүл Төлегенова, Ұлытау облысы
Оқи отырыңыз: Солтүстіктегі аптап ыстық: күн өтіп, зардап шеккендер саны 2 есеге артты