Алматыда алкогольдік масаңдықпен жасалатын қылмыстардың алдын алу күшейтілді

polisia.kz
polisia.kz

Заңбұзушылықтарға жол бермеу мәселелеріне ерекше назар аударылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласында алкогольдік масаң күйде жасалатын қылмыстардың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде, деп хабарлайды  Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Полиция қызметкерлері алкоголь өнімдерін сататын сауда орындарының иелері мен сатушыларына қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндіріп, оларды бұзған жағдайда көзделетін жауапкершілік туралы ескертуде.

Кезекті профилактикалық іс-шараны Алматы қаласы полиция департаментінің профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының қызметкерлері Алмалы аудандық полиция басқармасымен бірлесіп өткізді.

Кездесу барысында алкоголь өнімдерін өткізу талаптарын сақтау және заңбұзушылықтарға жол бермеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері Алматыда алкогольдік масаң күйде 224 қылмыс жасалған. Оның ішінде денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірудің 97 дерегі тіркелген.

- Мас күйінде жасалған әрбір қылмыс – адам тағдырына әсер ететін қайғылы оқиға. Біздің міндетіміз – тек қылмыстың салдарымен күресу емес, ең алдымен оның алдын алу. Осыған байланысты алкоголь өнімдерін сататын сауда субъектілерімен профилактикалық жұмыстар жүргізу полиция қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып қала береді, – деді Алматы қаласы ПД профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бастығы Жандос Кавлиев.

Алматы қаласының полициясы азаматтарды алкогольді тұтынуға жауапкершілікпен қарауға, оның салдарын ескеруге және құқықбұзушылықтар мен қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін әрекеттерге жол бермеуге шақырады.

Оқи отырыңыз: Маңғыстауда теңізде үрлемелі шеңбермен жағалаудан алыстап кеткен қыз құтқарылды