Астанада ірі көлемде синтетикалық есірткі тәркіленді

40 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада синтетикалық есірткінің ірі партиясын сақтады деген күдікпен 40 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Полицияның мәліметінше, күдікті мессенджер арқылы жұмыс істейтін интернет-дүкенде «қойма» қызметін атқарып, тыйым салынған заттарды таратуға қатысқан, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Тінту барысында және бұған дейін жасырылған орындарды тексеру кезінде есірткіні орауға арналған материалдар, zip-lock пакеттері, сондай-ақ жалпы салмағы төрт келіден асатын синтетикалық есірткі тәркіленді.

«Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ішкі істер министрлігі есірткіні жеткізу, сақтау және тарату арналарын анықтау және жолын кесу бойынша жұмысты жалғастырады», – деді Елдар Әбдікенов, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары.

Оқи отырыңыз: Карантиндік зиянкестер табылған өнімдер Қазақстан аумағына өткізілмеді