Мамандар жүк тасымалдайтын көліктерді арнайы жылжымалы таразыға шығарып, салмағын тексерді
«Назар аударыңыз! Ауыр салмақты автокөлік құралы!» атты профилактикалық акция аясында бүгін Алматыға кіретін негізгі автожолдарда ауқымды рейд басталды. Бір айға созылатын шара барысында ауыр жүк көліктерінің салмақ талаптарын сақтауына бақылау күшейтілмек. Мамандардың айтуынша, рұқсат етілген мөлшерден артық жүк тиеген көліктер жол жабынының мерзімінен бұрын тозуына әсер етед, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Алматы мен Қонаевты жалғайтын күре жол – елдегі ең қарбалас бағыттардың бірі. Мұнда тәулігіне мыңдаған көлік қатынайды. «ҚазАвтоЖолдың» мәліметінше, өткен жылы ақылы магистраль арқылы 9 миллионға жуық автокөлік өткен. Қозғалыс көлемінің артуына байланысты ауыр жүк көліктері де көбейіп, соның салдарынан жол жабынының тозуы мен жол-көлік оқиғаларының саны артқан. Осыған байланысты бүгіннен бастап «Назар аударыңыз! Ауыр салмақты автокөлік құралы!» атты профилактикалық акция басталды.
«ҚРИндустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің №492 бұйрығына сәйкес, жазғы кезеңде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын сақтау мақсатында ауыр жүк көліктерінің қозғалысына биылғы 10 шілдеден 10 тамызға дейін уақытша шектеулер енгізілді. Осыған байланысты Көліктік бақылау инспекциясы жолдарда бақылау жұмыстарын күшейтіп, көлік құралдарының салмақ параметрлеріне тұрақты тексеру жүргізіп жатыр», – деді қалалық Көліктік бақылау инспекциясының бас маманыҚуаныш Сембек.
Рейд барысында көліктік бақылау инспекторлары ауыр жүк тасымалдайтын көліктерді арнайы жылжымалы таразыға шығарып, салмағын тексерді.
Қолданыстағы талапқа сәйкес, республикалық маңызы бар автожолдарда бір оське түсетін салмақ 8 тоннадан аспауы тиіс. Бұл талаптың сақталуы жол жабынының мерзімінен бұрын бүлінуінің алдын алып, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Бүгін мамандар тоқтатып, жүктің салмағын өлшеді. Құжаттарды тексерді. Жүктің құжаты толық болмай шықты. Құжаты жетіспеді. Мен 18 жасымнан бері жүк көлігін жүргізіп келемін», – деді жүргізуші Нағашыбай Асқаров.
Рейдтің алғашқы сағаттарында 12 ауыр жүк көлігі тексеріліп, олардың барлығы белгіленген талаптарға сай болған. Бір айға жалғасатын бақылау барысында рұқсат етілген жүк салмағынан асқан жеке жүргізушілерге 40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.
Мәди Мәлік, Ялкунжан Әшімжанұлы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Астанада ірі көлемде синтетикалық есірткі тәркіленді