Атырауда жол апатынан жаяу жүргінші көз жұмды
Қазір полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр
Атырауда жол-көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргінші көз жұмды. Қайғылы жағдай түнде Теңдік станциясындағы Азаттық көшесінде болған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Полицияның мәліметінше, Lada автокөлігінің жүргізушісі жоғары жылдамдықпен келе жатып, жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Соққы салдарынан тұрғын оқиға орнында жан тапсырды. Апаттан кейін жеңіл көлік қатты зақымданған.
Қазір полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Құқық қорғау органдары ауа райының қолайсыздығына байланысты жүргізушілерді жолда барынша сақ болуға шақырады.
«Жолдардың тайғақ болуы көлік құралын басқаруды қиындатып, жол-көлік оқиғаларының қаупін арттырады. Өкінішке қарай, осындай ауа райы кезінде жол қозғалысы ережелерін сақтамау қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін. Бұл жай ғана жол-көлік оқиғасы емес, бұл – адам өмірінің қиылуы», – деді Атырау облыстық полиция департаменті полиция батальонының командирі Өсер Жәңгірхан.