Өсімдік майын өңдеу жобасы бойынша екі күдікті қамауға алынды

20.11.2026 15:56

Астанада ғылыми жобаға бөлінген мемлекеттік қаражатты жымқыру дерегі анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тергеу мәліметінше, 2023 жылы жеке кәсіпкер ғылым қорынан өсімдік майын қайта өңдеу және тазарту өндірісін ашу үшін 350 миллион теңгеге дейін қаржыландыру алуға мүмкіндік беретін грант иеленген.

Алайда кәсіпкер бөлінген қаражатты мақсатты пайдаланудың орнына, оны жабдықтар, шикізат, маркетингтік қызметтер және басқа да тауарларды сатып алу деген желеумен өзіне бағынышты компаниялардың есепшоттарына аударып отырған. Нәтижесінде бірде-бір дайын өнім шығарылмаған. Осылайша, мемлекетке 297 миллион теңгеден астам шығын келген.

Қаражаттың бір бөлігі пайдаланылған өсімдік майын жеткізу ақысын төлеу деген сылтаумен өзара байланысты екі компанияға жіберілген. Кейін ақша кәсіпкердің есепшотына қайта аударылып, жобада оның жеке қаражаты ретінде көрсетілген. Ал қалған бөлігі автокөліктерді лизингке алу үшін бастапқы жарна төлеуге жұмсалған.

Сонымен қатар жобаның орындалуын тексеруге жауапты «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының» қызметкері 1,7 миллион теңге заңсыз сыйақы алған.

«Екі күдікті қамауға алынды. Сот шешімімен алты автокөлікке, пәтерге және жабдықтарға тыйым салынды. Тергеу жалғасуда», – деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі басқармасының басшысы Салтанат Көшербаева.

Толық көрсету