«Видео мен ойлағандай шықпады»: прокурорлар гранит тақталарға қатысты Боқаевтың жоспарын әшкереледі

25.11.2026 19:18

Мемлекеттік айыптаушылар сотталушының телефонынан алынған WhatsApp жазбаларын ұсынды

Алматыда Санжар Боқаевқа қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Бұл жолы мемлекеттік айыптаушылар сотталушының ұялы телефонынан табылған WhatsApp хат-хабарлары мен аудиожазбаларды жария етті. Онда гранит тақталарды заңсыз иемденуге қатысты жоспар, іске қатысушылардың міндеттері және операцияны қаржыландыру мәселелері сөз болған. Сотта зерттелген хат-хабарлардан тағы қандай мәлімет белгілі болды? Бұл туралы Almaty.tv тілшісі хабарлады.

Бүгінгі сот отырысында Санжар Боқаевтың ісіне қатысты жаңа деректер айтылды. Мемлекеттік айыптаушылар сотталушының телефонынан алынған WhatsApp жазбаларын ұсынды. Хаттар мен аудиохабарламалардан гранит тақталарды заңсыз иемдену әрекетінің алдын ала жоспарланғаны аңғарылады. Тергеу нұсқасы бойынша, Боқаев бұл іске Ақылбек Хамрамқұлов пен өзінің көмекшісі Ұлан Нүсіпқожаны тартқан. Оларға нақты тапсырмалар беріп, әрқайсысының атқаратын міндеттерін белгілеген.

«Ертең саған ыңғайлы ма? Ертең немесе сәрсенбі күні. Ұлан түсірілім жасайды, сен жай ғана сұрақ қоясың. Мынандай зат аласыңдар ма, сатамыз деп. Такси, тағы басқа шығындарын Талғарға дейін өзім төлеймін», – деді мемлекеттік айыптаушы Жаңыл Жұмабаева сотта аудиожазбаны жариялау кезінде.

Боқаев бұл әрекеттерді өзара «арнайы операция» деп атаған. Оның тапсырмалары тек видео түсірумен шектелмеген. Айыптаушының сөзінше, ол гранит тақталар жатқан аумақтың күзеті қалай ұйымдастырылғанын, оларды кім бақылап отырғанын және тақталарды өткізуге болатын орындарды анықтауды да тапсырған. Мұны 3 қыркүйектегі хаттардың бірі растайды. Онда ол серіктесіне нақты мекенжайды жіберіп, сол жерге баруды тапсырған. Сондай-ақ Талғар маңында осындай тақталарды сатып алуы мүмкін мекемелерді анықтауды сұраған.

«3 қыркүйекте Боқаев 2GIS.KZ сілтемесі арқылы геолокация жіберіп, “Парковка 001006 Алматы 2ГИС” деп көрсетеді. Артынша “Осында барасың” деп жазады», – деді мемлекеттік айыптаушы Жаңыл Жұмабаева.

Ал 11 қыркүйекте Хамрамқұловқа жолдаған аудиохабарламасында Боқаев түсірілген видеоның өзі ойлағандай шықпағанына наразылық білдірген. Бұған қоса, жұмсалған 200 мың теңгенің ақталмағанын айтқан.

Айта кетейік, бұл – сотта зерттеліп жатқан дәлелдемелердің бір бөлігі ғана. Санжар Боқаевқа қатысты сот процесі жалғасып жатыр.

Диана Тұрлыбек, Рашиддин Якупов. Алматы телеарнасы

Толық көрсету