Павлодарда "SOS" терминалдары арқылы 20 азамат көмекке жүгінді

Polisia.kz
Polisia.kz

Оператор бейнебайланыс арқылы өтініш берушіні көріп, оқиғаның мән-жайын нақтылай алады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Павлодар облысында тұрғындардың құқық қорғау органдарімен жедел байланыс орнатуына мүмкіндік беретін "SOS" дабыл түймелері бес жылға жуық уақыт бойы тиімді қызмет атқарып келеді. Жыл басынан бері бұл құрылғылардың көмегіне 20 азамат жүгінген, - деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Павлодар облысы полиция Департаментінің мәліметінше, өңірдегі адам көп шоғырланатын қоғамдық орындарға барлығы 38 дабыл терминалы орнатылған. Әрбір құрылғы бейнекамерамен және дауыс зорайтқышпен жабдықталған. Азамат "SOS" түймесін басқан сәтте бірден жедел басқару орталығының (ЖБО) операторымен байланысқа шығады. Оператор бейнебайланыс арқылы өтініш берушіні көріп, оқиғаның мән-жайын нақтылай алады. Барлық аудио және бейнежазбалар жүйеде автоматты түрде сақталады. Биыл павлодарлықтар терминалдарды негізінен жол қозғалысы ережелерінің бұзылуы, көлік құралдарының заңсыз тұраққа қойылуы, мүлік ұрлығы және жоғалған туыстарын іздеуге көмек сұрау мақсатында пайдаланған.

Әрбір хабарлама түскен бойда ЖБО операторлары оқиға орнына ең жақын полиция патрульдерін жедел жібереді. Ведомствоның мәліметінше, бұл құрылғылар қылмыстарды "ізін суытпай" ашу көрсеткішін едәуір арттырған. Терминалдарға орнатылған бейнекамералар мен жақын маңдағы бейнебақылау жүйелерінің көмегімен тәртіп сақшылары құқық бұзушының қозғалыс бағытын жедел анықтап, оның қашу жолын дер кезінде бұғаттай алады.

Оқи отырыңыз: Семейде балабақша қызметкерлерінің төлемі бойынша түсініктеме берілді