Жамаладен Ибрагимов: "Заң мен тәртіп" принципі – мемлекеттік саясаттың басты бағыты

Almaty.tv
Almaty.tv
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Заң мен тәртіп – өркениетті қоғамның негізі. Бұл қағидат Жаңа Конституцияда ерекше маңызға ие болып, мемлекеттің дамуы мен қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізгі бағыттарының бірі ретінде айқындалды. 

Almaty.tv тілшісі сарапшылардың пікірін тыңдады. 

Заң үстемдігін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ ортақ жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру – құқықтық мемлекеттің басты талаптары. Заң ғылымдарының докторы Жамаладен Ибрагимовтің айтуынша, Жаңа Ата заңда осы бағыттардың көрініс табуы құқықтық мемлекетті одан әрі нығайтып, әділеттілік пен заң алдындағы теңдік қағидаттарын орнықтыруға негіз болады.

«Конституцияның преамбуласындағы және баптарындағы "Заң мен тәртіп" принципі – мемлекеттік саясаттың басты бағыты және азаматтардың құқықтарының қорналуы мен құқық үстемдігінің негізгі көрсеткіші. Бұл бағыттар өмірде бірнеше тетік арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, 16-бапта заң мен сот алдындағы барлығының теңдігі нақты көрсетілген. Яғни кез келген азамат заң алдында өзінің теңдігін сезеді. Ал лауазымды тұлға болса, оның мәртебесіне қарамай, барлығына қатысты ортақ заң жазасының болуы қатаң белгіленген», – деді Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жамаладен Ибрагимов.

Сондай-ақ сарапшы "Заң мен тәртіп" қағидаты ең алдымен әрбір азаматтың күнделікті өміріндегі қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ететін маңызды ұстаным екенін ерекше атап өтті. Оның сөзінше, бұл қағидат тек қатаң заң талаптарын орындаумен шектелмей, қоғамдағы өзара құрметті, жауапкершілікті және азаматтардың құқығын сақтауды көздейді.

«Адам қоғамда, мемлекетте тұрақты өмір сүруі үшін отбасындағы, көршілер мен туған-туыс арасындағы бір-біріне деген сыйластықты сезінуі тиіс. Бұл құрмет қоғамдағы қауіпсіздікті, тәртіпті, тұрақтылықты және келісімді сақтайды. Ал бүгінгі халықаралық кеңістікте мен бұл заң мен тәртіп принципін мемлекетаралық деңгейдегі маңызды қағидаттардың бірі деп айта алар едім», – деді Жамаладен Ибрагимов.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда жасөспірімдер жасаған құқықбұзушылық саны азайды