Заң мен тәртіп: Петропавлда түнгі рейд күшейтілді

12.08.2026 21:39

Рейд барысында полиция қызметкерлері 90-нан астам құқық бұзушылықты анықтады

Polisia.kz

Петропавл қаласында полицейлер қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізді, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі.  

Жаңа оқу жылы қарсаңында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше назар аударылды. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері түнгі уақытта көшеде жүрген 10 жасөспірімді анықтады. Олардың үшеуі 16 жасқа толмаған. Барлық ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олармен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Айта кетерлігі, үш жағдайда ата-аналар бір жыл ішінде кәмелетке толмаған балаларының түнгі уақытта үйден тыс жүруіне қайта жол берген. Мұндай құқық бұзушылықтар қайталанған отбасылармен профилактикалық жұмыс күшейтіледі.

Сонымен қатар полицейлер профилактикалық есепте тұрған 95 адамды тексерді. Сот шешімімен алкогольдік ішімдік тұтынуға тыйым салынған екі петропавлдықтың мас күйінде жүргені анықталды. Олар мінез-құлқына қойылған ерекше талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Рейд барысында полиция қызметкерлері 90-нан астам құқық бұзушылықты анықтады. Олардың қатарында абаттандыру қағидаларын бұзу, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішу, ұсақ бұзақылық және отбасылық жанжалдар бар.

Сондай-ақ дүкендердің бірінде кәмелетке толмаған жасөспірімге сыра сатылғаны белгілі болды. Полицейлердің айтуынша, кез келген құқық бұзушылық қылмыс жасау қаупін арттырады. Сондықтан профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі.

Оның негізгі мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және "Заң мен тәртіп" қағидатын нығайту.

Дерекөз: Polisia.kz.

Оқи отырыңыз: Алматыда самокат жүргізушілеріне қатысты ереже өзгереді: Тротуармен жүруге тыйым салынады

Толық көрсету