Алматыда самокат жүргізушілеріне қатысты ереже өзгереді: Тротуармен жүруге тыйым салынады

Тәртіп сақшыларының сөзінше, самокаттарды патрульдік полиция қызметкерлері, арнайы орнатылған бейнекамералар бақылайды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы көшелеріндегі кептелістен самокат арқылы құтыламын деп, айыппұл арқалап қалмаңыз! Бұлай деуімізге негіз бар. 25-тамыздан бастап қозғалыс құралын тек арнайы жолақтарда ғана тізгіндеуге рұқсат.

Тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолында жүйткіп өтуге тыйым салынады. Егер заңға бағынбасаңыз, 21 мыңнан 43 мың теңгеге дейін ақша төлеуіңіз мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Бұдан бұлай самокат айдайтындар тротуар немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне болмайды. Тек мынандай арнайы велосипед жолағымен қатынауға рұқсат. Ал мұндай жолдар болмаса, көлік жолының оң жақ шетімен жүруі керек.

 «Жылдың басынан бері самокаттардың қатысуыменен 87 жол-көлік оқиғасы орын алды. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Бірақ 80-нен астам азамат дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. Бұл – алаңдататын статистика. Сондықтан барлық самокат жүргізушілерін жол жүру ережесін қатаң сақтауға талап етеміз», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Тәртіп сақшыларының сөзінше, самокаттарды патрульдік полиция қызметкерлері, арнайы орнатылған бейнекамералар бақылайды. Егер ереже бұзушылық анықталса, азаматқа 5-тен 10 айлық есептік көрсеткіш аралығында айыппұл салынады. Яғни қалтасынан 21 мыңнан 43 мың теңгеге дейін санап береді. Жаңа өзгерісті қарапайым халықтың дені қолдайды. Оның сөзінше, самокаттарға жеке жолақ салынса, жаяу жүру де қауіпсіз әрі жайлы болады.

«Адам қағып кетеді или өздері құлауы мүмкін денсаулықтарына зиян келтіріп.  Сондықтан, дұрыс деп ойлаймын. Арнайы жолақ салдырып, тротуармен адам жүретін жермен жүрмей, транспорт жүретін жолда жүрген дұрыс деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Арайлым Бекбосын.

 «Негізі дұрыс. Арнайы өздерінің жолақтары болуы керек. Құптаймын. Неше түрлі жағдай болып жатыр ғой. Қағып кетіп жатыр бір адамдарды. Басқа да жағдайлар болып жатыр», – деді қала тұрғыны Тілеуберді Әлібек.

Айта кету керек, 1 шілдеден бастап электросамокаттарды пайдалану тәртібі қатаңдатылған болатын. Жаңа ережеге сәйкес, жалға берілетін қос дөңгелекті құрылғыны тек 18 жасқа толған азаматтар ғана пайдалана алады. Бұдан бөлек, жүргізуші куәлігі болуы міндетті.

Сонымен қатар қозғалыс құралында мемлекеттік нөмір мен сақтандыруы болуы керек. Ал компаниялар оның жылдамдығын, техникалық жағдайын цифрлық форматта бақылайды. Шаһардағы ретсіз қозғалыс азайып, жолдағы қауіпсіздік күшейтілмек.

Диана Тұрлыбек, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Бостандық ауданындағы сумен жабдықтау желілеріндегі жоспарлы жұмыстардың мерзімі ауыстырылды