Ұлттық жоба: Биыл 450 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған

20.11.2023 в 21:03

Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында әлеуметтік салаға бірқатар міндет жүктелген

Биыл «Ұлттық жоба» негізінде 450 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Оның жартысынан көбі тұрақты қызметке ие болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Азаматтарға ұсынылатын барлық кепілдік әлеуметтік кодексте арнайы бекітіледі» деген Президент сайлауалды бағдарламасында ең әуелі балалар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ерекше қамқорлықта болатынын ескерткен. Осы мақсатта күні кеше қол қойылып, шешімі шыққан «Ұлттық қор – балаларға» бастамасы көтерілді. Уақытша жұмыссыз азаматтарға қолдау болады деген Мемлекет басшысы ерекше қажеттілігі бар азаматтардың тасада қалмауын мықтап тапсырған еді.

Мына көрпе-жастық бір қыздың жасауы. Құрағы құралып, оюы тігілген бұл жұмыстардың өзіндік ерекшелігі бар. Мұның бәрін мүмкіндігі шектеулі азаматтар жасайды. Әр тігісі қолдан келістіріліп, жүн-мақтасы салынады. Тағдыр тәлкекке салғанымен, шеберлігі шын асырап отырғандардың бірі – Жанар Омарбекова. Ол екінші топтағы мүгедек болғанымен, еңбегін қылып, табысын тауып жүр. Кейіпкердің айтуынша, айына 15 қызға көрпе тігеді.

– Жұмыс берушілер «Сіз істей аласыз ба? Сіз мүгедексіз, жұмысқа ала алмаймыз» дейді. Ал жұмыспен қамту орталығында көп мүмкіндік беріліп отыр. Қолымыздан келетін жұмысты ұсынып отыр, – деді қала тұрғыны Жанар Омарбекова.

Жанармен бірге 32 адам да «жұмыспен қамту» орталығы арқылы екі қолға бір күрек тапқан. Әртүрлі бағдарлама аясында бар білгенін ортаға салған азаматтар тапсырыс қабылдап, тігін тігіп қана қоймай, әлеуметтік саланың дамуына үлес қосып жүр.

– Бізде 85 бала тіркелген. Олар – көпбалалы, аз қамтылған, мүгедек отбасының балалары. Қыздар демеуші тауып, 1 қыркүйекте киім, мектеп формасымен қамтып, көмек көрсетті, – деді қала тұрғыны Ардақ Биғалиқызы.

Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында бір ғана әлеуметтік саланың өзіне бірқатар міндет жүктелген. Мәселен, жеке тұлғаның банкроттығы туралы заң қабылдап, бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем мерзімін 1 жарым жасқа дейін ұлғайту тапсырылды. Жұмысынан айырылған азаматтарға өтелетін төлем мөлшерін табыстың 45 пайызына дейін көтеру де күн тәртібіне енген еді. Сол бағдарламаның ізімен әлеумет әлеуетін арттыру үшін 15 мақсат жолға қойылды.

– Қазір «Ұлттық жоба» шеңберінде әлеуметтік, қоғамдық жұмыс орны бар. Жастар практикасы бар. Алғашқы жұмыс орнындары қарастырылған, курстар тегін оқытылады. 35 жасқа дейінгі жастарға кәсіп ашу үшін 2,5 пайыз микрокредит беріледі, – деді Еңбек мобильділігі орталығы бөлім басшысының міндетін атқарушы Гүлзинат Мейірбекова.  

Аталған бағдарламалар жұмысқа орналастырудан бөлек, азаматтарды кәсіптік оқуға жіберіп, жаңа бизнес-бастамаларға қаржылай көмек тағайындайды. Биыл осы мақсатқа 9 мың грант беру көзделсе, қазіргі көрсеткіш 9102-ге жеткен.

Мадина Оқас, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда Президенттің сайлауалды бағдарламасы қалай жүзеге асырылуда