Алматы көшелерімен мерекелік керуен жүріп өтті

21.03.2024 в 11:36

Көшке батыр, бүркітші, ақын және басқа да образдағы 1000-нан астам адам қатысты

Алматыда Наурызнама аясында Алматы көшелерімен «Көш. Наурыз Думан» мерекелік керуені жүріп өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Мерекелік көшке батыр, бүркітші, ақын және басқа да образдағы 1000-нан астам адам қатысты.

Сонымен қатар, қала тұрғындары мен қонақтары арбадағы киіз үйді, қыз күймесін, қоржынға жібек мата мен кілем артқан түйелерді, салт атты батырларды, құмай тазылар мен мергендерді, жалпы жеті қазына нышандарын көрді.

«Көш. Наурыз Думан» мерекелік керуені сағат 10:00-де басталып, Абай даңғылы бойымен, батыс бағытта Достық даңғылынан Абылай хан даңғылына дейін, одан соң Абылай хан даңғылымен солтүстік бағытта Астана алаңына дейін жүріп өтті.

Алатау ауданында концерттік бағдарлама 21-23 наурыз аралығында сағат 11:00-ден 14:00-ге дейін «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алдындағы алаңда (Нұркент ш/а., 6) үш күн бойы өтеді.

Әуезов ауданында концерттік бағдарлама 22 наурызда сағат 11:00-ден 15:00-ге дейін аудан әкімдігінің алдындағы алаңда (Алтынсарин даңғылы, 23) өтеді.

Бостандық ауданында киіз үйлер көрсетілімі, қолдан жасалған бұйымдар көрмесі және концерттік бағдарлама 21 наурызда сағат 11:00-ден 14:00-ге дейін «MEGA Center Alma-Ata» СОО алдындағы алаңда (Розыбакиев көшесі, 247а) өтеді.

Жетісу ауданында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік мерекелік іс-шаралар 21 наурызда Құлагер шағын ауданындағы «Гүлдер» саябағында (Серіков көшесі, 2а) сағат 10:00-ден 14:00-ге дейін өтеді.

Түрксіб ауданында ұлттық спорт түрлері бойынша көрсетілімдері бар мерекелік концерттер 21 наурыз күні сағат 11:00-ден 15:00-ге дейін С.Сейфуллин атындағы саябақта (Шолохов көшесі мен Щербаков көшесінің қиылысы) өтеді.

Наурызбай ауданында концерттік бағдарлама 22 наурыз күні сағат 11:00-ден 15:00-ге дейін Абай даңғылында (Алатау даңғылы мен Строительная көшесінің арасында) өтеді.

Алмалы ауданында негізгі іс-шаралар «Астана» алаңында өтеді: 21 наурыз 11:00-ден 22:00-ге дейін және 22 наурыз 12:00-ден 22:00-ге дейін мерекелік бағдарлама, театрландырылған шоу, цирк әртістерінің қойылымы, ұлттық спорт түрлері бойынша ойындар және т.б.

Алматының Арбатында (Жібек жолы даңғылы мен Панфилов көшесінің қиылысы) 21 наурыз күні сағат 11:00-ден 19:00-ге дейін қуыршақ театрының актерлері, халық жанрының артистері өнер көрсетеді, сонымен қатар, кітап жәрмеңкесі мен қолөнершілер көрмесі өтеді. 22 наурызда сағат 13:00-ден 18:30-ға дейін этно-фольклорлық ұжымдар өнер көрсетеді.

Сондай-ақ, Панфилов жаяу жүргіншілер көшесінде Жүргенов атындағы ҚазҰӨА ғимаратының алдында 21 наурыз күні сағат 11:00-ден 18:00-ге дейін қуыршақ театрының, танымал музыкалық ұжымдардың және өнер академиясының студенттерінің мерекелік бағдарламасы өтеді. 22 наурызда сағат 13:00-ден 18:30-ға дейін этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдарының, «Алматы әуендері» артистерінің және вокалдық-аспаптық ансамбльдің қатысуымен концерттік бағдарлама өтеді.

Медеу ауданында 21 наурыз күні сағат 12:00-де Абай атындағы алаңда Наурыз мейрамы аясында Наурызды тойлайтын елдердің мәдениеті мен дәстүрлерін біріктіретін «Nauryz Fest» халықаралық фестивалі өтеді. Сондай-ақ, 21 және 22 наурызда сағат 19.00-ден 22.00-ге дейін эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтеді.

Оқи отырыңыз: Қош келдің, Ұлыстың ұлы күні - Наурыз!