Алматы көшелеріне қызметтік функциясы жақсартылған «Сергек» камералары орнатылады

01.12.2023 в 14:51

Цифрландыру басқармасы құрылғы қашан орнатылатынын хабарлады

Алматы қаласы Цифрландыру басқармасы мәслихаттың кезектен тыс сессиясында «Алматы қаласының жол трафигін талдау және зияткерлік қауіпсіздік жүйесі» мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасын кеңейтуді ұсынды, деп хабарлайды Аlmaty.tv. 

Жоба аясында 1341 аппараттық-бағдарламалық кешен (АӨК (7894 камера) қызмет көрсетеді, оның 575 АӨК биыл іске қосылады.

Полиция департаментінің қажеттілігіне байланысты және Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасына және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаларға сәйкес жобаны жақсартылған функционалы бар 300 жаңа АӨК (1200 камера) арттыру ұсынылды.

 - «Көркем Телеком» ЖШС желілік учаскелерде шартта бекітілген АӨК қызмет көрсету құнын өзгертпей, функционалы жақсартылған, инфрақызыл жарқылмен 300 АӨК орнатады. Осылайша, келер жылдың сәуіріне қарай 1641 АӨК Сергек (9094 камера) жұмыс істейді, - деді Цифрландыру басқармасының басшысы Олжас Жаңабек.

2020 жылдан бастап «Сергек» АӨК бүгінгі күнге дейін ҚР ЖҚЕ 4 996 691 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді. 35 614 748  теңге айыппұл салынды. Жергілікті бюджетке 27 532 297  теңге өндірілді. Сонымен бірге ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің дерегіне сәйкес, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 2019 жылмен салыстырғанда ЖКО саны 17%-ға, жолдағы өлім-жітім 40%-ға, жараланғандар саны 30%-ға азайды.

Оқи отырыңыз: Алматыда бес жол қашан ұзартылатыны белгілі болды