|
02.07.2021 | 20:08
6891

Асқар Мамин іссапармен Алматыға келді

Үкімет басшысы Асқар Мамин Үлкен Алматы айналма автокөлік жолын мерзімінен бұрын аяқтауды және «Алтын Орда» базарының маңында салынып жатқан жолайрықты биыл күзде қолданысқа беруді тапсырды

p class="MsoNormal" style="text-align:justify;"> Үкімет басшысы Асқар Мамин Үлкен Алматы айналма автокөлік жолын мерзімінен бұрын аяқтауды және «Алтын Орда» базарының маңында салынып жатқан жолайрықты биыл күзде қолданысқа беруді тапсырды. Алматыға арнайы жұмыс сапарымен келген Премьер-министр қала іші мен агломерациясында жүзеге асып жатқан ірі жобалардың жұмысын тексерді. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.

Үлкен Алматы айналма жолының құрылысы қазір қарқынды жүріп жатыр. Күніне екі жақты жолды есептегенде 8 мың тонна асфальт төселуде. Құны 150 миллиард теңгеге бағаланған. Құрылыс орнына келген үкімет басшысы Асқар Мамин айналма жолды 2022 жылдың соңында аяқтауды тапсырды. Жол пайдалануға берілген соң көлік ағыны артып, күніне 38 мың автокөлік Алматыны айналып өте алады. Сондай-ақ, Еуропа және Қытай елдерімен арадағы жүк тасымалының көлемі ұлғаяды деп күтіліп отыр.

«Құрылыс шамамен 18 ай бұрын басталған. Ал, жұмыстың жалпы жасалу мерзімі 4 жыл. Бірақ Премьер-министр Асқар Маминнің тапсырмасымен біз келісім-шартта көрсетілген мерзімнен бұрын, яғни екі жыл ерте аяқтайтын болдық. Қазір 1600 адам еңбек етіп жатыр, оның 76-сы шетел маманы. Қалғаны жергілікті жұмысшылар. 600 бірлік ауыр техника жұмылдырылды», – деді «АЛСИМ АЛАРКО» компаниясының вице-президенті Аббас Шахин.

Сонымен қатар, Асқар Мамин «Алтын Орда» базары маңындағы «Алматы-Бішкек» тас жолының бойындағы үш шақырым аумақта салынып жатқан көлік жолайрығын биыл қазанда аяқтап, қарашада пайдалануға беруді тапсырды. Жоба бойынша жол 4 жолақтан 10 жолаққа дейін кеңейеді. Негізгі магистральді эстакада, «таға» іспеттес бұрылу жолдары, Ақсай өзені арқылы өтетін жолға көпір, жерүсті жүргіншілер өткелдері салынады.

Сонымен қатар, жыл соңында «Сарыарқа» мен «Достық» метро станциясы техникалық іске қосылып, пайдалануға келесі жылдың бірінші тоқсанында берілмек. Үкімет басшысы жұмыстарды уақытылы және сапалы аяқтауды тапсырды. Бұдан бөлек Премьер-министр «Аюсай» селден қорғау бөгетін салу жұмыстарын көрді.

«Селге тосқауыл болатын бөгет салынып жатыр. Қойма 2,3 миллион текше метрге дейін су сақтай алады. Бұл өз кезегінде платинаның төменгі жерінде орналасқан демалыс нысандары мен тұрғын үйлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді», – деді жоба жетекшісі Вячеслав Сергеев.

Әрі қарай Асқар Мамин Наурызбай ауданында бой көтеріп жатқан 1500 орындық мектепке де ат басын бұрды. Ғимарат үш оқу корпусынан тұрады. Онда бастауыш, орта және жоғары сынып оқушылары білім алады.

«Мектептің жалпы көлемі 14 мың шаршы метр болады. Ғимарат үш қабатты, ішінде кітапхана, спорт зал орналасады. Оқу корпустары жеделсатымен жабдықталады. Қазір металл және темір бетоннан жасалған қабырға қаңқаларын құру жұмыстары істеліп жатыр», – деді учаске басшысы Диас Тұңғышбеков.

Жалпы Алматыда қазір 207 мемлекеттік мектеп болса онда 270 мың бала оқиды. Қалада әлі де 30 мың балаға орын жетіспейді. Бұл түйткілді шешу үшін қала басшылығы жүйелі жұмыстарды жүргізіп жатыр. 

«Қаламызда 2023 жылға дейін білім беру нысандарын салу жұмыстарын жеделдету бойынша бағдарлама қабылданды. Қазір 8 мектеп пен 17 жапсарлас ғимарат салынып жатыр. Нәтижесінде 20 мың 863 жаңа орын ашылады. Сондай-ақ, 1700 орынға шақталған 16 жеке меншік мектеп бой көтеруде», – деді қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жұманов.

Премьер Алматы Халықаралық әуежайындағы жаңа терминалдың құрылысымен де танысты. Одан өзге қаланың көлік және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылыс алаңдарына барды. Асқар Мамин жұмыстарды созбаққа салмай, сапалы етіп ел игілігіне беруді міндеттеді.  

Назкен Еркін, Рамина Мырзалимова, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир