Сұрақ-жауап: Медеу ауданы тұрғындарының мәселесі қалай шешіледі

09.02.2024 в 19:45

«Халық қатысатын бюджет» жобасын қаржыландыру 25 пайызға ұлғайтылды

Медеу ауданындағы бірнеше көшеде биыл инфрақұрылым жаңартылады. Бұл туралы бүгін қала тұрғындарымен кездескен шаһар басшысы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Каменское плато шағынауданының тұрғындары үшін ауыз су басты мәселеге айналған. Коммуналдық қызметтің бұл түрі жеке компанияның қолында. Тұрғындардың айтуынша, айына төлейтін тариф құны қымбат. Олар құбырларды жаңартып, қала әкімдігінің балансына қызмет түрін ауыстыруды талап етір отыр.

– Ладушкина көшесінің тұрғындарының атынан келдім. Су құбыры ескі, апат болған сайын су ағып үйдің астына кетіп жатыр. Осы көшедегі құбырларды «Алматы Су» өз балансына алуын өтініп, арыз жаздық, – деді қала тұрғыны Лаура Құрманғалиева.  

–  «Алматы-Су» мекемесінің стандарты бар. Аудан әкімінің ұсынысымен Ладушкин көшесін тізімге қостық. Әуелі жаңа құбыр желісін жүргіземіз, сосын қала балансына толық өткіземіз, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

– Наурызда жоба сараптамадан шығады. Жазда жұмысты бастаймыз, – деді Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин

Қала әкіміне тұрғындар тарапынан жер сілкінісі кезінде зақымдалған үйлерге қатысты сұрақ қойылды. Оларды тексеріп тізімге алу үшін қазір арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Оған Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, қала құрылысын бақылау басқармасының мамандары мен тәуелсіз сарапшылар қатысады.  

– Жыл сайын тұрғын үйлерге сейсмоаудит жүргізіледі. Оның нәтижесін ешкім естіп те, біліп те жатқан жоқ. Қорытындысын айтқандарыңыз жөн. Алматыда болған зілзаладан үйімнің қабырғаларына сызат түсіп, зақымдалды. Қалада жер сілкінісі кезіндегі қауіпті орындарды анықтауыңызды өтінемін, – деді қала тұрғыны.  

– Сейсмоаудит жыл сайын жүргізілмейді. Соңғы рет 2017-2018 жылдары жүргізілді. Ендігі аудит 2023-2024 жылдары жүргізіліп жатыр. Жоспарға сәйкес қаладағы 16 мыңнан астам ғимарат тексеріледі. Өткен жылы біраз нысан қаралды. Қалған жұмыс биыл жыл соңына дейін жүргізіледі. Алматыдағы зілзала кезінде зақымдалған тұрғын үй кешендеріне тексеріс жүріп жатыр. Жұмыс жалғасуда, – деді қала әкімі.

Алматыда тағы бір өзекті тақырыптың бірі – таулы аймақта көпқабатты үйлердің салынуы. Осыдан екі жыл бұрын қала басшысы тау бөктерінде екі қабаттан артық нысан салуға тыйым салса да, оны ескеретіндер аз болып тұр.  

– Осы мәселемен бірнеше жыл болды күресіп келеміз. Үйдің қасынан көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеріп жатыр. Атап айтсам, Парков,көшесінде 4 қабатты ғимарат салынып жатыр. Бұл жанында тұрған жеке секторлы үйлер үшін өте қауіпті. Осы мәселені тексеруіңізді сұраймын, – деді қала тұрғыны Галима Бұхарбаева.

– Таулы аймақтарға көпқабатты тұрғын үйлер салуға тыйым салу – Президенттің тікелей тапсырған жұмысы. Сол себепті жағдай қатаң бақылауда. Мақсат – өңірдің сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Жақында ғана қаланың бас жоспарына осы бағытты да енгіздік. Мұндай жерлерді демалыс аймағына ауыстырамыз. Әрине, қазірдің өзінде тау бөктеріне құрылыс бастағалы жатқан көптеген меншік иесінен шағым түсетінін біліп отырмын. Десе де бәрі заң аясында жүргізіледі, – деді  Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Сондай-ақ Медеу ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасын қаржыландыру 25 пайызға ұлғайтылды. Биыл жоба аясында 34 жаңа жобаны іске асыру жоспарланған. Тұрғындардың бастамасымен 20 аула абаттандырылып, 7 демалыс аймағы жаңартылады, 7 автоматты суару жүйесі орнатылады.

Ұлағат Арғын, Ялкунжан Әшімжанов «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Медеу ауданында екі жаңа мектеп салынады