Алмалы ауданында сорғы стансасы жаңартылып жатыр

05.09.2023 в 19:50

Биыл жергілікті халық сумен қамтамасыз етіледі

Алматының Алмалы ауданында тозығы жетіп, құбыры шіріп, істен шыққан су және кәріз сорғылары жаңартылып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Людмила Янова – Әйтиева көшесіндегі көпқабатты үйдің тұрғыны. Оның айтуынша, 8 мың тұрғында қамтып отырған сорғы стансасы 1983 жылдан бері жөндеу көрмеген, үнемі істен шығып, пәтер иелерінің берекесін қашырған. Базынасын айтып, талай мекемеге барғанымен, нысан «иесіз» деп жөнделмеген.

– Ешқандай нәтиже болмағаннан кейін, сорғыны бірнеше рет ауыстырдық. Одан да түк шықпаған соң, тұрғындар «Е-Otinish» порталы арқылы шағымданып, арыз жаздық. Алматы қаласының әкімдігі мәселені бірден қолға алды, – деді Алмалы ауданының тұрғыны Людмила Янова.

Қала билігі бюджеттен қаржы бөліп, бірден шаруаға кіріскен. Мердігер компания өкілінің айтуынша, сорғы стансасының құбыр желілері тозған. Ол «егер мәселе шешілмесе, тұрғындар тіршілік нәрінсіз қалуы мүмкін еді» дейді.  

– Жөндеу тамыздың ортасында басталды. Енді қажетті жабдықтарын орнатып, қарашаның соңына дейін толық аяқтаймыз, – деді мердігер компанияның жоба бойынша жетекшісі Сергей Ковалёв.

Ал бұл – Алмалы ауданындағы қолданысқа жаңадан берілген 2 тұрғын үй кешені. Төрт мыңға жуық тұрғынды су және кәріз жүйесімен қамтып отырған сорғы стансасы 2001 жылы «иесіз» деп танылған. Өйткені бұған жауапты мердігер ұйым шаруаны орта жолдан қалдырған. Соның салдарынан құбырлар шіріп, станса мүлдем жарамсыз күйге түскен.

– Сорғы стансасының тозығы жетіп, жертөлемізді су басып қала беретін. Тұрғындар жиналып, қала билігінің көмегіне жүгіндік. Әкімдік өкілдері 15 жұмыс күн ішінде кері байланысқа шығып, тозығы жеткен нысанды жаңа кәріз сорғы стансасына ауыстыруды ұйғарды. Қазір жөндеу жүріп жатыр, – деді тұрғын үй кешенінің МИБ төрағасы Алексей Ким.

– Бұл тұрғын үйлер 2016 жылы қолданысқа берілген. Мердігер ұйымның жұмысын толық аяқтамағандықтан, коммуналдық шаруашылық мекемелерінің балансына өтпеген. Құрылыс жобалау құжаттары барысында сапасыз заттарды қолданғандықтан, сорғы стансалары үнемі істен шыға берген, – деді Алмалы ауданы әкімі аппараты бөлімінің бас маманы Әсет Мамырбаев.

Биыл жергілікті халық үздіксіз сумен қамтамасыз етіліп, жаңа сорғы стансасының игілігін көрмек.

Аяулым Көлжігіт, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда 7 мыңнан астам оқушыны мектеп автобусы тасымалдайды