Балама зорлық көрсеткен: желіде жанайқайын жеткізген ананың ісіне қатысты тергеу басталды

02.10.2023 в 21:29

Жекеменшік мектепте 430 бала оқиды

«Баламның шалбарын жыртып, зорлық көрсеткен». Осылай деп Алматыдағы халықаралық мектепке айып таққан ана баласының қатты шошып, психологиялық қысым көргенін айтты. Бұл мәлімдемесін желіге жылап тұрып жүктеген азаматтың жазбасына қазір Оқу ағарту министрлігі де тексеріс жүргізетінін жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Желідегі жазба жұрттың қызу талқысына түсіп, қорлық көрді деген бірінші сынып оқушысына қолдау керек екенін жазып жатыр. Енді бірі мектеп директорын да жауапкершілікке тарту керек деп те пікір қалдырған. Ал арызданушы ананың айтуынша, баласы қорқып қалған.

– Балам 12 қыркүйекте мектептен жыртық шалбармен келді. Ал ертесі киімін тіккелі жатқанда, ақ сұйықтықтың ізін, қан аралас нәжіс байқадым. Қазір балам қатты шошып қалған. Қараңғы жерге бармайды, сөйлемейді, – деді балананың анасы.

Мәселенің мән-жайын анықтамақ болып, аталған білім ордасына бардық. Жекеменшік мектепке бірден кіру мүмкін болмады, ал білім ордасының басшылығы күзетіміз күшті, камералар жан-жақта деп көрсетті. 430 бала оқитын білім ордасына балалар жылына 2,5 миллион теңге беріп оқиды екен. Сондықтан директор қауіпсіздік басты орында деп ақталды.

– Біз үшін қайғылы оқиға екені белгілі. Мектепте мұндай жағдай болды деудің өзін елестету қиын. Бізге жала жабылып отырған сияқты. Біз ол баланың өте белсенді екенін білеміз. Сабақ кезінде ол өзін бірқалыпты ұстайды. Оның барлығын камерадан көріп шықтық, – деді халықаралық мектептің директоры Ирина Логинова

Бұл  анасы баламның бұтындағы шалбарын жыртып, зорлық көрсетілді деп айыптаған білім ордасының дәлізі. Зардап шектік деген ата-ана оқиғаның нақты қайда болғанын атап көрсетпеген. Бірақ мектеп басшылығы мекемеде толық бейнебақылау барын айтты. Ал мынау әжетханадағы камераны тек таяуда орнатқан.

Ал құқық қорғаушы Дина Таңсәрі баласының құқығы тапталды деген азамат алғаш өзіне жеке шығып көмек сұрағанын айтты. Оның айтуынша, белсенділер  істі бақылауда ұстап отыр. Оның үстіне баланың зорлық көргенін дәлелдейтін фотосурет барын жасырмады.

– Анасы баласын әдейі жуындырмай медициналық экспертизаға апарған. Оның киімдерін, заттарын да өткізген. Барлық уәкілетті органдарға хат жазып, қазір қолында бар суреттерді берді, – деді құқыққорғаушы Дина Смаилова

Бала құқығын қорғайтын жедел уәкіл мұндай жағдайда, оқушының құқығы қорғалып, оған психологиялық қысым келмеуі керек екенін айтты.

– Медициналық сараптама нәтижелері күтіп отырмыз. Бейнежазбалар алынды, зерттелді. Мектеп тергеу бөлімімен жұмыс жасалып жатыр. Мектеппен сөйлестім, баланың анасымен байланысып отырмын, – деді ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева.

– Қылмыстық іс бойынша Бостандық аудандық ПБ-на қарасты полиция бөлімі ҚР ҚК-нің 121-бабы 3-бөлігіне сәйкес тергеу жүргізіп жатыр, – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.

Қазір даулы оқиғаға байланысты білім ордасында тексеріс жүргізіліп жатқан көрінеді. Мектеп директорының айтуынша, зәбір көрді деген бірінші сынып оқушысының ата-анасымен кездесіп, сөйлескен. Шешімді құзырлы орган өкілдері шығармақ.

Әлібек Шынтемір, Ернат Болатбек, «Алматы» теларанасы

Оқи отырыңыз: Елімізде баспана кезегінде тұрған неше азамат тізімнен шығарылды