230 мыңнан астам қазақстандық баспана кезегінен шығарылады. Талдау нәтижесінде олардың 96 мыңнан астамы соңғы бес жылда үйлі болған. Кезекте тұрған тағы 533 адам Қазақстан азаматы емес. Деректер базасындағы 15 мың 600 азамат өмірден өткен. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мамандары мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жергілікті әкімдіктер баспанаға мұқтаж жандардың тізімін жыл сайын жаңартып отыруы тиіс. Жыл басында жүргізілген арнайы сараптама негізінде заң бұзылғаны анықталған.
– Заңға сәйкес егер азаматтың атында тұрғын үй тіркелсе, тұрғылықты мекенжайын ауыстырса үй кезегінен шығарылады, – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі комитетінің бас сарапшысы Самат Бекжігіт.
Бастама қолға алынғалы әкімдіктер 10 мың адамды кезектен шығарып үлгерді. Қазіргі таңда бұл жұмыс Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп атқарылып отыр.
Айта кетсек, еліміз бойынша 647 мыңға жуық азамат кезекте тұр. Оның 430 мыңға жуығы халықтың әлеуметтік осал тобына жатады
– Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тапсырмасымен Астана қаласында баспана кезегінде тұрған тұрғындар тізімін түгендеп жатыр. Құқық меншігінде тұрғын үйі бар азаматтар кезектен шығарылуда. Бүгінгі таңда жоғарыдан келген тапсырма бойынша 3372 адам кезектен шығарылды, – деді «Тұрғын үй қоры» КММ қоғаммен байланыс бөлімінің маманы Бекжан Сипат.
Оқи отырыңыз: Ақкенттегі өрт: зардап шеккен тұрғындар пәтеріне оралды