Жамбыл облысында Кенесары ханның ескерткіші ашылуы мүмкін

08.08.2023 в 14:57

Ескерткіштің авторы – танымал мүсінші Темірхан Көлжігіт

Жамбыл облысында Кенесары ханның ескерткіші ашылуы мүмкін. Оны демеушілердің көмегімен мыстан жасау жоспарланып отыр. Ескерткіштің авторы  – танымал мүсінші Темірхан Көлжігіт, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Темірхан Көлжігіт өз үйінің жертөлесін ұстаханаға айналдырған. Мұнда кірсең, бір ерекше әлемге тап болғандай боласың. Себебі жан-жағыңды шағын мүсіндер қоршап тұрады. Мұндағы композицияның барлығы ермексаздан жасалған. Кей ескерткішті жасау үшін мүсіншінің 1-1,5 ай уақыты кеткен.

Салмағы сан тонна ескерткіштерді тұрғызу оңай шаруа емес. Шебер ең алдымен, ермексаздан мүсіннің үлгісін жасап алады. Жоба құпталса, оны бірнеше есе ұлғайтады. Алдымен сазбалшықтан тұрғызылып, тапсырыс берушінің қалауы мен қалтасына қарай мыспен қапталады. Шебер ерекше мамандықты арнайы оқу орнында оқығанымен, бойына өнер бала кезден дарыған.

– Мүсін өнері адамға туа бітеді-ау деп ойлаймын. Өзім кішкентай кезімнен бастап арықтың, көлдің жағасында балшық болса, сол жерде адамның мүсінін жасайтынмын, – деді Темірхан Көлжігіт.

Мүсіншінің еңбектері еліміздің әр аймағынан көрініс тапқан. Мәселен бас шаһардағы Бауыржан Момышұлының бейнесі – Темірхан Көлжігіттің туындысы. Еліміз егемендік алғалы отандық мүсіншілердің шығармашылығы жандана түскен.

– Таразда Жамбыл Жабаевтің ескерткіші тұр. Ол Ленинградта құйылған. Оны елімізде жасауға болар еді, бірақ сол уақыттағы биліктің кемсітуі салдарынан елімізде жасауға рұқсат етпеген. Ал қазір жастар арасынан өте мықты мүсіншілер шығып жатыр, –  деді мүсінші Темірхан Көлжігіт.

Мүсін – ең ежелгі өнердің бір түрі. Оны салу үшін де тұңғиық  шығармашылық пен шабыт қажет. Өркениетке бай өңірден өз жолын тапқан ұста болашақта шәкірт тәрбиелемек ниетте.

Жомарт Есқара, Асылжан Шымкент, «Алматы» телеарнасы, Тараз

Оқи отырыңыз: Алматыда қазақ тілін тегін үйрететін курс жұмысын бастады